Мексикада ірі есірткі картелінің жетекшісі мерт болып, елдегі ахуал шиеленісті
Мексикада «Халиско жаңа буын» атты есірткі саудасымен айналысатын қылмыстық ұйымның жетекшісі Немесио Осегера Сервантес, лақап аты Эль Менчо, әскери операция кезінде қаза тапты. Тәртіпсіздік салдарынан әуежайлар жұмысы тоқтатылды.
Астана, NEGE. Мексиканың Қарулы күштері мен қауіпсіздік құрылымдары Халиско штатындағы Тапальпа қаласында «Халиско жаңа буын» атты қылмыстық ұйымға қарсы арнайы операция жүргізді.
Әскери ведомствоның мәліметінше, операция таңсәріде ұйымдастырылған. Қарулы қақтығыс кезінде Эль Менчо жарақат алып, ұшақпен ауруханаға жеткізіліп бара жатқан кезде қаза тапқан. Сондай-ақ, қылмыстық ұйымның тағы 4 мүшесіне оқ тиіп, оқиға орнында көз жұмды және 2 адам ауыр жарақат алған.
3 әскери қызметкер зардап шекті.
Билік өкілдері операцияны әзірлеу кезінде АҚШ тарапынан берілген мәліметтер пайдаланылғанын хабарлады. Рейд нәтижесінде брондалған көліктер мен қару-жарақ, оның ішінде гранатаатқыштар тәркіленді.
Алайда ірі ұйым жетекшісінің қаза болуы елдегі жағдайды шиеленістірген. Қылмыстық топтың өзге де өкілдері 8 штатта қақтығыстар ұйымдастырды. Олар көліктерді өртеп, жолдарды жауып, қауіпсіздік күштеріне шабуыл жасаған.
Салдарынан бірқатар штатта төтенше жағдай режимі енгізіліп, қоғамдық көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды. Сондай-ақ, Гвадалахара және Пуэрто-Вальярта әуежайларының жұмысы тұралап қалды. Билік өкілдері тұрғындарға далаға шықпауға кеңес берді.
АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Кристофер Ландау наркобарон Эль Менчоның қазасын «Мексика, АҚШ, Латын Америкасы және бүкіл әлем үшін маңызды оқиға» деп бағалады.
Айта кетейік, «Халиско жаңа буын» қылмыстық ұйымы 2010 жылы құрылған. Аз уақыт ішінде ол Мексикадағы ең ықпалды құрылымдардың біріне айналды. Ұйым кокаин, метамфетамин және фентанилді АҚШ аумағына жеткізумен айналысқан. Бұған дейін АҚШ билігі оның орналасқан жері туралы ақпарат үшін 15 млн доллар көлемінде сыйақы берілетіні туралы жарияланған.