Мәжіліс Төрағасы ТүркПА-ның Бас хатшысымен кездесті

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) Бас хатшысы Мехмет Сүрейя Эрді қабылдады.

Нұр-Сұлтан, NEGE. Кездесу барысында Ерлан Қошанов еліміз тәуелсіздік тарихында жаңа кезеңге қадам басып отырғанын атап өтті.

– Біздің Президентіміз конституциялық өзгерістерге байланысты референдум өткізу туралы бастама көтерді. Бұл уақыт талабынан және қоғам сұранысынан туындап отырған тарихи шешім. Осыған байланысты елімізге ТүркПА-ның байқаушылары да келді. Бұл жұмысқа өзіңіз де атсалысып отырсыз, – деді Мәжіліс Төрағасы.

Өз кезегінде С.Эр алдағы референдумның сәтті өтетініне тілектестік білдіріп, бұл  Қазақстанның одан әрі дамуы жолындағы маңызды кезең болатынына сенім білдірді.

– Біз Қазақстанды Еуразияның жарқыраған жұлдызы деп білеміз. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа  жолдауына өзі атап өткен рефорамалар негізінде Ата заңға өзгерістер енгізілгелі отыр. Сондықтан алдағы референдумның сәтті өтуіне шын жүректен тілектеспін, – деді  ТүркПА-ның Бас хатшысы.

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Мехмет Эрге республикалық референдум жұмысына қатысуға белсенділік танытқаны үшін ризашылық білдірді.

Сонымен қатар кездесуде тараптар Қырғызстанда өтетін ТүркПА-ның ХІ Кеңесі мен жалпы отырысына қатысты мәселелерді талқылады. Аталған жиында ұйымның 2023-2028 жылдарға арналған Стратегиялық жол картасын бекіту жоспарланған.