19 мая 2022 г. 12:33

Президент бастамасымен Абай өңірі, Семей жері тарихының жаңа парағы ашылды – Мәжіліс Төрағасы

Фото:

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов референдумның мән-маңызын түсіндіру үшін жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барды. Алдымен Семей қаласында болып, өңір жұртшылығымен кездесті.

Нұр-Сұлтан, NEGE. Ерлан Қошанов жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қазір елімізде ауқымды өзгерістер болып жатқанын айтып, өңір халқын Абай облысының құрылуымен құттықтады.

Абай өңірі, Семей жері тарихтың жаңа парағын ашты. Біз Абай облысының шаңырағын халқымызбен, Президентімізбен бірге көтереміз. Осы істе Парламент Мәжілісі, «AMANAT» партиясы да сіздермен бірге болады, – деді Мәжіліс Спикері.

Ерлан Қошанов Президент реформаларының жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтып, алдағы уақытта Парламенттің рөлі күшейетініне, еліміздің сайлау жүйесіне де бірқатар өзгерістер болатынына мән берді. Әсіресе, әкімдер сайлауы – көпшілікті қызықтыратын тақырыптардың бірі.

Бұл тақырып ел арасында жиі айтылып жүр. Біз оған кезең-кезеңмен келе жатырмыз. Былтыр елімізде 1 мыңға жуық ауыл әкімін халықтың өзі сайлады. Келер жылы аудан әкімдерін сайлауға кірісеміз. Алдағы кезеңдерде бүкіл ауыл, аудан, қала әкімдері халықпен тікелей сайланатын болады. Облыс басшыларын тағайындау мәселесіне келер болсақ, бұрын Президент ұсынған жалғыз кандидат 20-30 облыстық мәслихат депутатымен келісілетін. Енді Мемлекет басшысы тарапынан кем дегенде екі үміткер ұсынылады. Оны барлық деңгейдегі мәслихаттар, аудан, қала, облыс депутаттары таңдайтын болады, – деді Мәжіліс Төрағасы.

Жиында облыстың қоғам өкілдері сөз сөйлеп, Мемлекет басшысының референдум өткізу жөніндегі бастамасы мен барлық реформаларды қолдайтындықтарын айтты.

Одан әрі Мәжіліс Төрағасы Семей қаласындағы Жедел медициналық жәрдем ауруханасы ұжымымен кездесті, еліміз бойынша қабырға материалдарын шығаратын ірі кәсіпорындардың бірі«Силикат»зауытында болып, жұмысшылармен әңгімелесті. Сондай-ақ, мүгедектерге арналған 150 орындық оңалту орталығының құрылысымен танысты.

Сапар барысында Ерлан Қошанов Абай ауданындағы Қарауыл ауылына барып, жұртшылықпен кездесті. Онда Президент бастамаларының мән-маңыздылығын түсіндіріп, ауыл зиялылары мен тұрғындарының пікірін тыңдады.

–  Елімізде Қарауылды білмейтін қазақ жоқ шығар. Бұл – адамзатқа ғұлама Абайды сыйлаған қасиетті топырақ. Осында сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. «Жаңа Қазақстан» құруға бағытталған Мемлекет басшысының саяси реформалары төңірегінде өздеріңізбен әңгімелесу үшін арнайы келдім. Президент ел тағдырын – қалың жұрттың өзі шешкенін қалап отыр. Осынау жауапты кезеңде халық пен билік біртұтас болуымыз керек. Осы жолды Мемлекет басшысына қолдау білдіріп, референдумға бір кісідей атсалысуға, тарихи таңдау жасауға шақырамын, – деді Палата Төрағасы.

Кездесуге келген зиялы қауым өкілдері Абай ауданы жұртшылығының реформаларды жақсы қабылдап жатқанын және оның маңызын ескере отырып, алдағы референдумға атсалысатындарын айтты.

Кездесу соңында жиналғандар Президентке Абай облысының құруға ұйтқы болғаны үшін күллі аудан атынан шынайы алғыс айтты.

– Облысымыз құрылып жатыр. Зор мақтанышпен, үлкен үмітпен қарап отырмыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына біздің сәлемімізді жеткізіңіз. Абайлықтар мен Абай ұрпақтары шексіз алғысын білдіреді. Өңіріміздің гүлденуіне бәріміз бір кісідей атсалысамыз, – деді Абай ауданының құрметті азаматы Төлеген Жанғалиев.

Сонымен қатар Мәжіліс Төрағасы Қарауылда орналасқан Абай атындағы мектеп-гимназиясын аралап, мұғалімдермен және оқушылармен кездесті.

Тегтер: