12 октября 2022 г. 19:24

Мәжіліс депутаты тіркелген кандидаттарға күмән келтірді

Фото:

Бүгінгі өткен Мәжіліс отырысынан кейін депутаттарға сайлау процесіне қатысты сауалдар қойылды. Депутаттар кандидаттардың ешқайсысы Тоқаевқа тең келмейтінін айтып, «олардың президент сайлауынан басқа мақсаттары болуы мүмкін» деген болжам жасады.

Мысалы, экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Ғазиз Құлахметовтің пікірінше, кандидаттардың көбі президент сайлауынан бұрын парламент сайлауына қатысуға үмітті.

– Ел алдындағы беделі, қоғамдық саяси белсенділігі жағынан алғанда бұл кандидаттардың қазіргі президентпен бақталас болуы екіталай мәселе.

Менің түсінігімде, Президент сайлауына түсу арқылы танымалдығын арттырып, мажоритарлы жолмен Мәжіліс сайлауына қатысуға күш салып жатқан кандидаттар болуы мүмкін. Негізгі қисыны солай. Бұл – саяси технологияда бар әдіс-амалдың бірі.

Мәселен, Қазақстан Халық партиясы Халықтық Коалицияға бірігіп, өз кандидатын ұсынды. Мен мынадай пікірді ұстанамын: Үміткер тіркелгені жақсы. Саяси партиялардың ішінде буын алмасу процесі жүру керек. Партия мүшелерінің танымалдығын осындай қосымша ресурстар арқылы арттырудың қажеттілігі бар. Сондықтан да ол кісілердің де мұндай оймен сайлауға қатысуы заңдылық.

Кез келген партия мен азаматтың жеке басының саяси амбициясы бар ғой. Бұл кандидаттарды да осындай бір тәуекелге барып жатыр деп есептеймін.

Менің ойымша, қазіргі президенттің жеңісі күмәнсіз. Ал қалған үміткерлердің сайлауға қатысуы сайлауға баруы, дауыс беруі сияқты заңдылық қой. Олардың да алдына қойған мақсат-мұраты бар шығар, – деді мәжілісмен Құлахметов.

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Елнұр Бейсенбаев та сайлауда Тоқаевқа тең келетін кандидат жоқ екеніне сенімді.

– Менің ойымша, әр азаматтың сайлауға қатысуға, кандидат болып тіркелуге өзінің мүмкіндіктері бар. Шындап келгенде, Қасым-Жомарт Тоқаев кандидат болып тіркеліп, сол кандидаттардың ішінен барлығы қол жинап, тіркеудің барлық деңгейінен өтетін болса, бәсекелестік болады. Бірақ, саяси тәжірибесі мен мемлекетке сіңірген еңбегін алатын болсақ, кандидаттардың арасында Қасым-Жомарт Кемелұлына сай келетін бәсекелес жоқ деп айта аламын.

Қарсыластар бар, бірақ олардың қаншалықты лайықты екеніне күмәнім бар. Дегенмен, кез келген тіркелген кандидатқа құрметпен қарау керек, – дейді ол.

Бір қызығы, біз сұрау салған екі депутат та Қ.Тоқаевтың жеңетініне 100 пайыз кепілдік беріп, қалған кандидаттарға күмәнмен қарады. Кандидаттар арасынан бұған «әу» дейтін біреу табылар ма екен?..

Тегтер: