«Кесілген басы тоңазытқыштан табылды»: Ақтөбе облысында танысын өлтірген екі адамға үкім шықты
Ақтөбе облысының полицейлері аса ауыр қылмыстың бетін ашты. Бұл дерек бойынша екі адам сотқа тартылды. Оның бірі адам өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айырылса, екінші сотталушы аса ауыр қылмысты жасырғаны үшін кінәлі деп танылып, 4 жылға түрме жазасына кесілді.
Астана, NEGE. Ақтөбе облыстық полиция қызметінің хабарлауынша, 2024 жылғы 11 қазанда жергілікті тұрғын азаматтық некедегі жұбайының бір аптаға жуық уақыт бойы хабар-ошарсыз кеткенін айтып, Хромтау аудандық полиция бөліміне арыз түсірген.
Арыз негізінде қылмыстық іс қозғалып, полицейлер жоғалған ер адамның араласатын ортасын анықтап, туыстарынан, таныстарынан, көршілерінен жауап алуға кіріскен.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жоғалған тұрғынның екі танысы күдікке ілінген. Жедел уәкілдер олардың тұрғылықты жеріне жүргізілген тінту барысында аса ауыр қылмыс жасалғанын дәлелдейтін айғақты заттар табылған. Нақтырақ айтқанда, полицейлер ас үйдегі тоңазытқышты тексеру кезінде бұзылған тағамның иісіне ұқсас жағымсыз иісті сезген.
«Тоңазытқышты ашқан сәтте із-түзсіз жоғалған ер адамның бөлшектелген мәйіті, кесілген басы және өзге дене мүшелері табылды», – деп хабарлады облыстық полиция қызметі.
Бұлтартпас дәлелдердің негізінде күдіктілер қылмысын мойындап, бір апта бұрын жоғалып кеткен ер адаммен бірге спирттік ішімдік ішкен кезде араларында жанжал шыққанын айтқан. Жанжал барысында күдікті асхана пышағымен танысының жүрек тұсына пышақ сұғып, оны өлтірген.