Маусымдағы жағдай бойынша республикалық бюджет тапшылығы 1,7 трлн теңге болды
Қаржы министрлігінің мәліметінше, 1 маусымдағы жағдай бойынша республикалық бюджетке 9,4 трлн теңге түсім түскен.
Астана, NEGE. Алайда республикалық бюджет шығысы 11,1 трлн теңгені құрап, бюджет тапшылығы 1,7 трлн теңгені немесе ЖІӨ-нің 0,9 пайызына тең болды.
Бұл ретте, ведомство мәліметінше, Ұлттық қордан республикалық бюджетке 1,4 трлн теңге көлемінде кепілдендірілген трансферт тартылған.
Ал трансферттерді есепке алмағандағы кірістер 7,4 трлн теңгені құрап, есепті кезең жоспары 100,9%-ға орындалды.
Бюджетке 7,2 трлн теңге көлемінде салық түсіп, жоспар 38,6 млрд теңгеге артық орындалған.
Салықтық емес түсімдер – 166,2 млрд теңгені құрап, жоспардан тыс түсім көлемі 27,9 млрд теңге деп есептелді.
«Жалпы алғанда, республикалық бюджеттің кірістер бөлігінің орындалуы жоспарлы деңгейден жоғары болып, өңірлерді қаржыландыру толық көлемде қамтамасыз етілді», – делінген министрлік хабарламасында.
Қаржыгерлердің есебінше, нысаналы трансферттер бойынша өңірлерге 187,4 млрд теңге бөлініп, оның 174,5 млрд теңгесі игерілген.