6 октября 2024 г. 11:35

Мәулен Әшімбаев: Референдум – Қазақстанның демократиялық даму жолындағы маңызды қадам

Фото: ғаламтордан

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев 164 сайлау учаскесінде дауыс берді. 

Алматы, NEGE. Ол жалпыхалықтық пікірдің маңыздылығы жайлы атап өтті. «Бүгін – еліміз үшін маңызды әрі тарихи күн. Елімізде жалпыұлттық референдум өтіп жатыр. Бұл референдумды Қазақстанның демократиялық даму жолындағы маңызды қадам деп қабылдауға әбден болады.

Бүгін біз Президентіміздің айқындаған «халық үніне құлас асатын мемлекет» тұжырымдамасының жүзеге асырылып жатқанын көріп отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел болашағына қатысты мәселелерге келген кезде тек мемлекеттік органдардың аясында емес, жалпыхалықтық пікірді ескеріп барып шешім қабылдау керегін айтқан еді», – дейді ол.

Сенат спикерінің айтуынша референдум елімізде жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға арналған іс-шара.

«Осындай маңызды іс-шараларда халықтың пікірін естіп, ескеріп мемлекеттік органдар шешімдер қабылдайтын болса, біз барлық мақсатқа жетеміз. Қазақстанды дамыған демократиялық мемлекет ретінде қалыптастырамыз. Сол себепті бүгінгі референдумда қазақстандықтардың даусы маңызды. Сөйтіп бәріміз Қазақстанды демократиялы, әділетті мемлекет ретінде қалыптастыруға өз үлесімізді қосамыз», – деді ол.