Материалдық шығынды кім өтейді?

Қордай ауданындағы Қаракемер, Масаншы, Бұлар батыр ауылдарындағы қақтығыстан 176 адам жарақаттанып, оның 41-і ауруханаға жатқызылған. Тіпті, 10 адам қаза болды. Облыстық баспасөз қызметінің ресми мәлімдемесі осындай.

Алматы, NEGE. Тән саулығы тұрғысынан зардап шеккендерге медициналық жәрдем көрсетілуде. Қайтыс болғандардың отбасыларына қол ұшын беру шаралары да ұйымдастырылған, делінген облыс әкімдігінің хабарламасында. Түске дейінгі Сортөбе ауылында брифингте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен облыс әкімі Асқар Мырзахметов БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, соңғы мәліметтерді айтты. 

Цифрлар ішінен сығалап тұрған «36, 11, 44» деген сан еріксіз назар аудартты. 

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов қақтығыс салдарынан 36 тұрғын үй мен 11 кооммерциялық нысан және 44 автокөлік өртенгендігін тілге тиек етіп, алдын-ала жасалған есептеулер бойынша келтірілген залал көлемі анықталып жатқанын жеткізді. Бірақ, ол шығынның бюджет қаржысынан өтелетіні, не өтелмейтіні жайлы жақ ашпады. Дүрбелең басылып, ел тынышталғанда жоғын жоқтап дат айтып шыға келетін жұртқа да өздерің қам жасаңдар деген жоқ. Есесіне, көше бойындағы өртенген автокөліктерді, қоқыстарды тазалау жұмыстары толық аяқталғанын, оған 30 техника мен 125 адам жұмылдырылғанын хабарлады. Ал материалдық шығын кімнің мойнында? Өртеп, бұзып, қиратқанның ба? Әлде...

Осы сауалға жауап іздеп ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың баспасөз хатшысына хабарласып көрдік. Сөйлесе алмадық. Жамбыл облыстық баспасөз қызметінің өкілі басшыларының Сортөбедегі брифингте жүргенін айтып, «ондай нақты мәлімет қолымызда жоқ» деп құтылды. 

Брифингте сөз болған жайттар ішінен тағы бір назар аудартқаны, дүрбелең кезіндегі елдің жеке мүлікке оның ішінде құжаттарға бей-жай қарағаны.

Өткен тәуліктің ішінде  22 азамат жеке куәлік, 17 азамат туу туралы куәлікті қайта жасатқан. 

Қазір оқып жатыр

Мейіржан Төребаев бостандыққа шықты

Тоқаев пен Пезешкиан бір-бірін Наурыз мейрамымен құттықтады

Ақпарат министрі Аида Балаева Ботагөз Омарованың ісі жайлы не дейді?

Тоқаев Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады