6 ноября 2025 г. 10:25

Мәсімовтің танысы композитор Арман Дүйсеновтің отбасын алдап кеткен

Фото: @arman_duisenov_official

Алматыда ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің әкесінің бұрынғы серіктесі Калелхан Иманмади алты жылға сотталды. Іс материалдарына қарағанда, ол марқұм композитор Арман Дүйсеновтің отбасын алдап, олардың ірі көлемдегі қаржысын иемденген.

Астана, NEGE. Бірнеше күн бұрын әнші Индира Елемес бұрынғы күйеуі Калелхан Иманмадидің түрмеде отырып, үйін сатып жібергенін айтып, биліктен көмек сұрады. Айтуынша, қамауда отырған экс-жары әлеуметтік желілерде әлі де белсенді.

«Instagram-да тәулік бойы отырып, менің беделіме нұқсан келтіретін жазбалар жариялайды. Маған және туыстарыма қоқан-лоқы көрсетіп жүр», – дейді ол.

Біз Иманмади кім екенін және не үшін сотталғанын анықтап көрдік. Ол – ҰҚК-ның бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің әкесі, марқұм Қажымхан Мәсімовтің бизнес серіктесі болған. Екеуі бірге «Масимов сауықтыру орталығын» басқарған (кейін атауы «Раяна сауықтыру орталығы» деп өзгерген). Бұл ұйым ауруханаларға медициналық тест-жолақтар жеткізумен айналысқан. Иманмади Мәсімовтермен бірге қоғамдық іс-шарада да төбе көрсеткен.

Жақында Иманмади алты жылға бас бостандығынан айырылды. Істе бірнеше эпизод болды. Соның ішінде 2023 жылы қайтыс болған композитор Арман Дүйсеновтің отбасын алдап, олардың ақшасын иемдену оқиғасы да бар.

Іс материалдарына қарағанда, 2018 жылы Дүйсенов қызын Лондонға оқуға жіберген. Мұны білген Иманмади төлемді өзіне тиесілі орталық арқылы жасауды ұсынған, сонда «салық комитеті тарапынан ешқандай проблемалар болмайды» деп түсіндірген. Композитор оған сеніп, 20 мың фунт стерлинг (шамамен 9 млн теңге) береді. Бірақ кейін университетке ақша толық түспегені анықталған. Дүйсенов пен жұбайы мән-жайды сұрағанда, Иманмади «шоттарым уақытша бұғатталды, ақша қатып қалды» деп сендірген.

Университет қызды оқудан шығарамыз деп ескерткен соң, Дүйсеновтер тағы да ақша жіберуге мәжбүр болды. Марқұм композитордың жесірінің айғағына сәйкес, олар кейін Иманмадиге келесі оқу жылы үшін тағы 22 млн теңге және Түркиядан пәтер сатып алу үшін 37 млн теңге берген. Жалпы шығын көлемін ол 66,7 млн теңге деп есептеп отыр.

Сотта Иманмади өз кінәсін мойындамады. Ол композитордан ақша алмағанын, керісінше, оқу ақысын өз қалтасынан төлегенін айтқан. Айтуынша, бұл «өзара көмек» болған, себебі композитор оның әйелі мен ұлының шығармашылығына продюсерлік еткен.

Сот Арман Дүйсенов пен оның жұбайының қызының оқуына және тұрмысына, сондай-ақ Түркиядан пәтер сатып алуға 66,7 млн теңге бергеніне нақты дәлел жеткіліксіз деп тапты. Нәтижесінде 59 млн теңге шығын айыпқа қосылмай, Иманмади 7,3 млн теңге көлемінде залал келтірген деп танылды. Осы соманы ол енді композитордың жесіріне өтеуі тиіс.