Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласының азаматтығына қатысты түйіткіл шықты

Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы, халықаралық іздеуде жүрген Азамат Қапеновтің азаматтығына қатысты сұрақ туындады. Журналист Михаил Козачков Қапеновте бірнеше паспорт болуы мүмкін деген байламға келген.

Скриншот/instagram.com/akapenov

Астана, NEGE. Козачковтың жазуынша, Азамат Қапенов 1978 жылы Қырғыз Республикасының Қаракөл қаласында дүниеге келген, кейін Бішкекке, ал 1995 жылы Алматыға қоныс аударып, ҚазҰУ-ға оқуға қабылданған. 

Алты жылдан кейін ол тарихи отанына оралу себебімен Қазақстан азаматтығын алуға өтініш берген. Сол кезде, Козачков оның Қырғызстан азаматтығынан бас тартуға міндетті болғанын атап өтеді. 2001 жылы Қапенов арнайы тексеруден өтіп, Қазақстан паспортын иеленген. Ол барлық құжаттарын алып, тіпті оларды бірнеше рет жаңартқан.

Бұған қоса Козачков Азамат Қапеновтің бұзақылық жасағаны үшін Қазақстан азаматы ретінде жазаға тартылып үлгергенін жазады. Журналист келтірген дерек бойынша, ол танысын бокал сынықтарымен жарақаттап, қамауға алынған. Алайда кейін Алматы қалалық соты оны кінәсіз деп таныған. Мұндай шешім Қапенов Кәрім Мәсімовтің қызына үйленгеннен кейін қабылданған.

Ал 2016 жылы оның қазақстандық паспорты мен жеке куәлігі жарамсыз деп танылған, өйткені ол Ресей азаматтығын алған.

«Сол кезде қызық сәйкестік болды, 2015 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану бойынша іс қозғағаннан кейін Азамат Ресейге көшіп кеткен. Бірақ қазіргі уақытта оның қолында Қырғыз Республикасының жарамды паспорты бар. Бұл қалай болғаны?» – деп таңданады журналист.

Қырғызстанда қос азаматтыққа рұқсат етілгенімен, бұрын тыйым салынған болатын. Алайда 2007 жылы заңнама өзгертілген. Нақтырақ айтқанда, «Қырғыз Республикасының азаматтығы туралы» заң қабылданып, онда бәрі нақты жазылған. Соның ішінде 26-бапта көрші мемлекеттердің, яғни Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қытай азаматтығын алған жағдайда, Қырғызстан азаматтығынан айырылатыны көрсетілген.

«Осылайша, Қазақстан азаматтығын алған кезде Қапеновтің Қырғызстан паспортын сақтауға құқығы болмаған. 15 жыл Қазақстан азаматы бола жүріп, ол бір уақытта Қырғыз азаматы да бола алмауы керек еді. Бұл екі елдің заң талаптарына қайшы. Ал Қапенов Instagram парақшасында өзін Қырғызстанда туғаннан бері сол елдің азаматы екенін және ешқашан азаматтықтан шықпағанын айтады. Бірақ бұл оның азаматтығын ауыстырғанда паспортын тапсырмай, оны жасырып қойып, кейін қайта рәсімдегенін білдіреді. Бұл Қырғыз Республикасы мен Қазақстан Республикасының заңдарын тікелей бұзу болып саналады» – деп жазады Михаил Козачков.

Айта кетейік, Азамат Қапеновке екі елдің – Қазақстан мен Ресейдің сұрауы бойынша халықаралық іздеу жарияланған. Қазақстанда оған алаяқтық жасады және қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген айыптар тағылған. Келтірілген шығын 5 миллиард теңгеден асады, істі Қаржы мониторингі агенттігі жүргізіп жатыр.

Ал жақында Мәскеу соты Азамат Қапенов пен оның інісі Медер Қапеновті сырттай қамауға алып, оларға халықаралық іздеу жариялады. Ағайынды Қапеновтер «ПТД» ЖШС-нің 25 пайыз үлесін заңсыз иемденді деп айыпталуда. Олардың үстінен Қазақстанда сырттай сотталған кәсіпкер Анатолий Балушкин арызданған. Іс бойынша келтірілген шығын көлемі шамамен 52 млн рубльге бағаланған. Қапеновтер ұсталған жағдайда бірден қамауға алынуы мүмкін.