Мәслихат сайлауында сайлаушылардың 58,55 пайызы дауыс берді

Қазақстанда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы аяқталды.

Ақорда

Астана, NEGE. Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметінше, сағат 20:00-дегі жағдай бойынша сайлаушылар тізіміне енгізілген азаматтардың 58,55 пайызы дауыс берген.

Ең жоғары көрсеткіш Түркістан облысында тіркелді. Мұнда сайлаушылардың 77,58 пайызы дауыс берген. Одан кейін Ақтөбе (75,69%), Жетісу (74,09%) және Қызылорда (71,58%) облыстары тұр.

Ал республикалық маңызы бар үш қалада дауыс бергендердің үлесі 50 пайызға жетпеді. Шымкентте сайлаушылардың 44,72 пайызы, Астанада 42,92 пайызы дауыс берген. Ең төмен көрсеткіш Алматыда тіркелді – 37,70 пайыз.

Еске салайық, кезектен тыс сайлауда еліміз бойынша 228 мәслихаттың 3447 депутаты сайланады. Сайлаушылар тізіміне 12,7 миллионға жуық азамат енгізілген.

Қазір сайлау комиссиялары дауыс санауға кірісті. Сайлаудың қорытындысы дауыс санау аяқталғаннан кейін жарияланады.