Мәскеуден Алматыға бағыт алған SCAT ұшағы Астанаға шұғыл қонуға мәжбүр болды

SCAT әуе компаниясының Мәскеуден Алматыға ұшып бара жатқан ұшағы Астана әуежайына апатты жағдайда қонды. 

scat.kz

Астана, NEGE. Жолаушылардың бірі Threads әлеуметтік желісінде SCAT әуе компаниясының әрекетіне шағымданды. Оның жазуынша, ұшақ Астанаға қонғаннан кейін жолаушыларға жағдай жасалмаған, мән-жай түсіндірілмеген.

«Штаттан тыс жағдай болғанын түсінемін. Ұшақтағы жолаушылардың бәрінің зәресі ұшып кетті. Бірақ, SCAT, жолаушыларға неге су да ұсынбадыңыздар? Біз наразылық білдіріп, шу шығарғанға дейін қорқып, абдырап қалған адамдарды сусыз, тамақсыз әрі ең бастысы, ешқандай ақпарат берместен аяқтарынан тік тұрғызып қойдыңыздар», – деп жазды жолаушы.

SCAT өкілдерінің мәлімдеуінше, Мәскеу – Алматы рейсін орындау кезінде борттық жүйеде ескерту индикаторы іске қосылған. Осыған байланысты экипаж ұшақты әуе компаниясының базалық әуежайы орналасқан Астана қаласына қондыруды шешкен.

«Ұшақ штаттық режимде қонды. Жолаушыларды Алматыға жеткізу үшін әуе компаниясы қосалқы ұшақ ұсынды», – делінген хабарламада.

Компания өкілдері қосалқы ұшақ келгенше жолаушыларға салқын сусындар берілгенін мәлімдеді.