Мәскеуде коронавирустың таралуы күшейді 

Ресейде коронавирусты жұқтырғандардың саны 13 жарым мыңға жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматы, NEGE. Ресей астанасы – Мәскеуде індеттің таралуы енді күш алып жатыр. Мамандар алдағы уақытта жағдай бұдан да әрі қиындай түседі деп отыр. Ресей халқы жұмысты тоқтатып, қанша жерден өз-өзін оқшаулап бақса да, елдегі індетке қатысты жағдай күрделеніп барады. Соңғы бір аптада ауруханаға жеткізілген науқастардың саны 2 есе өсті. Кеше бір күнде вирус 1786 адамнан анықталды. Көбі Мәскеуде тұрады. Мұнда коронавирус 12 адамның өмірін жалмады. Ал жалпы елде бұл індеттен қайтыс болғандардың саны 100-ге жуықтады. Қазір Мәскеуде Склифософский атындағы жедел жәрдем институты мен қалалық ауруханалардың бірі науқастарға қан құю процедурасын қолға ала бастады. Яғни осыған дейін коронавируспен ауырып, індетке төтеп берген донорлардың қаны науқастарға құйылады. Донорлар – тексеруден өткен 11 адам. Жеті науқасқа қан құйылды. Дәрігерлердің айтуынша, бір донордың қаны 3 науқасқа жетеді. Бірақ бұл әдіс әлі зерттеуді талап етеді. Себебі біраз тәуекелге баруға тура келеді дейді мамандар.

Дәрігер Александр Эдигер: "Бұл процесте негізгі мәселе – поствирустық иммунитеттің қалыптасуы. Медицина тілінде оны қарсы денелердің жағдайы деп атайды. Сапа мен санға ерекше назар аударылады. Білуімше, қазір жанама вирустық жұқпалардың пайда болу мүмкіндігі сияқты барлық қатер ескеріле отырып, зерттеу жүргізіліп жатыр. Мұның барлығы науқастардың қауіпсіздігін сақтау үшін жасалып отыр" деді.

Мәскеуде індеттің таралуын тоқтату үшін тиісті шаралар барынша күшейтілді. Мысалы, ендігі жерде қалада көліктер жалға берілмейді. Сол сияқты ауруханалардан басқа барлық құрылыс тоқтайды. Келесі аптадан бастап тек рұқсат қағазымен жүру енгізілмек. Бірақ қала мэрі бірнеше күн бұрын бұл мәселенің әлі талқыланып жатқанын айтқан еді. 

Мәскеу мэрі Сергей Собянин: "Келесі аптадан бастап рұқсат қағазымен жүру тәртібі енгізіледі деп отырмыз. Бастапқыда ол жұмысқа бару үшін, содан кейін өзге де мақсаттармен жүріп-тұруды қадағалау үшін қолға алынады. Ал егер қажеттілік туындаса, мұндай тәртіп қаланың бір ауданынан екінші ауданына жүру үшін де қолданылуы мүмкін" деді. «Роспотребнадзор» болжамына сүйенсек, елде коронавирустың таралуы ең оптимистік сценарий бойынша маусым айның басында тоқтауы мүмкін. Бірақ оның бәрі тұрғындардың өзіне тікелей байланысты дейді мамандар. 

Қазір оқып жатыр

Екінші әйелін шәкіртіне берген Құрбанәлі Ахметке айыппұл салынды

Мұрат Адам: Мен енді адвокат емеспін

СІМ Ресейдегі жаппай төбелес туралы: қазақстандықтар арасында ауыр жарақат алғандар жоқ

«Үй кезегі келді»: Алаяқтар адамдарды алдаудың тағы бір тәсілін ойлап тапты