Мәскеуде бетпердесіз жүргендерге айыппұл салынады
Мәскеу мен Мәскеу облыстарының тұрғындарына көшеге шығу үшін қорғаныш құралдары қажет, деп хабарлайды «Хабар 24». Адамдар қоғамдық орында бетперде тағып, қолғап киюге міндетті. Бұл жаңа ережені елемегендер жазаға тартылады.
Алматы, NEGE. Мәскеуде коронавирус жұқтырған науқастардың саны өте көп. Олардың қатары күнделікті артып келеді. Мәселен, соңғы тәулікте тағы 10 899 тұрғыннан қауіпті кесел анықталған. Жалпы, Ресей бойынша коронавирусты 232 243 адам жұқтырып алыпты. Осылайша, Ресей науқас саны бойынша Испаниядан асып, әлем бойынша екінші орынға шықты. Вирусты жұқтырғандар мен көз жұмғандардың басым бөлігі Мәскеуден. Билік өкілдері ауруханадағы орын тапшылығы салдарынан бос алаңдарды емханаға айналдырып жатыр. Мәскеу көрме орталығында коронавирус жұқтырған науқастар үшін 1000 орындық жаңа аурухана ашылды. Уақытша емхана Красногорск клиникалық ауруханасының бөлімшесі болып бекітілді. Онда мыңнан астам қызметкер мен 350 дәрігер жұмыс істейтін болады.
Мәскеу және Мәскеу облысының тұрғындары дүкендерде, сауда орталықтарында, қоғамдық көліктің барлық түрінде, тіпті таксиде, бетперде киіп жүруге міндеттелді. Жұмысқа қайта оралған қызметкерлердің де жеке қорғаныш заттары болуы керек. Өйтпеген жағдайда, тұрғындарға айыппұл тағылады. Ол 4 немесе 5 мың рубльді құрайды. Бұл дегеніңіз шамамен 23 мыңнан 28 мың теңгеге жетеді деген сөз. Айыппұл сомасы аз емес. Карантиннен енді шығып жатқан тұрғындардың қалтасын қағары анық. Мұндай жаза Португалияда да бар. Карантин жеңілдетілген аймақта бетпердесіз жүргендер 120-дан 350 еуроға дейін айыппұл төлеуі мүмкін. Шамамен 54 мың мен 159 мың теңгенің арасын құрап қалады.