8 февраля 2026 г. 10:15

Мәскеуде Қазақстан мен Өзбекстан азаматтарын суық контейнерде ұстап, тамақ бермеген

Фото: Pixabay

Мәскеуде Қазақстан және Өзбекстан азаматтарын заңсыз ұстап, құжаттарын қайтармай отыр. Бұл туралы «Осторожно, новости» Telegram-арнасы хабарлады.

Алматы, NEGE. Қазақстандық Еркін Б. есімді азамат TikTok әлеуметтік желісінен «құрылысшылар керек» деген хабарландыруды көріп, жұмысқа кіруге шешім қабылдаған. Хабарландырудағы жұмыс Қазақстандағы агенттік арқылы ресми жұмыс ретінде ұсынылған. Ол жерде айлық жалақысы 1,2 миллион теңге деп көрсетілген.

20 қаңтарда Еркін Ресейге келеді. Жанында өзінен бөлек Қазақстанның 9 азаматы, Өзбекстанның 2 азаматы болады. Мәскеуде олар компаниямен келісімшартқа отырған. Жұмысшылардың құжаттарын банк есепшоттарын ашуға, SIM-карта алу және ІІМ-де тіркелу үшін қажет деп алып алады. 

23 қаңтарда олар Красногорскідегі құрылыс нысанындағы суық контейнерге орналасқан. Еркіннің айтуынша, контейнерде жуынатын орын жоқ, суды 500 метр жерден барып алуға тура келген. Тамақ берілмеген, тек бір рет кешкі асқа екі самса ғана жеген.

Екі күннен кейін жұмысшылар хостелге көшіруді, азық-түлік, электр шәйнек және мультиварка беруді талап еткен. Кейбірінің құжаттарын қайтарып берген және оларды құс фабрикасындағы жұмысқа жіберген.

Еркіннің айтуынша, екі апта ішінде істеген жұмысына олар тек 6 мың рубль еңбекақы алған. Арнайы жұмыс киіміне де ақша төлеткен. Агенттік оларды Сахарово миграциялық орталығына апаруын уәде еткен, бірақ әлі апармаған.

«XXI ғасырда адамды заңсыз ұстау, осылай пайдалану дұрыс емес», – дейді Еркін.

Қазір Қазақстанның жеті азаматы өз құжаттарын ала алмай отыр. Белгілі болғандай, компанияның заңды тұлға мәртебесі жоқ және жабылу процесін бастаған. Агенттік өкілі Еркін жіберген фотолардан кейін барлық хабарламаларды өшірген.

2 ақпанда жұмысшылар полицияға жалған ақпарат бойынша арыз жазып, Қазақстан елшілігіне хабарласқан.