15 апреля 2025 г. 3:21

Мәскеу полициясы қырғыз мигранттарын моншада 5 сағат бойы азаптаған – Қырғызстан Ресейге наразылық нотасын жолдады

Фото: видео-скрин

10 сәуірде Мәскеу полициясы қырғыз мигранттары барған «Бодрость» моншасына рейд жүргізіп, келушілерді соққыға жыққан.

Алматы, NEGE. Бұл туралы сол күні моншада болған қырғыз азаматтары мәлімдеді. Әлеуметтік желіде сол күні болған оқиғаның видеосы да тарады.

Мәскеуде бір айдан астам уақыт такси жүргізушісі болып жұмыс істеп жүрген Әлихан 10 сәуір кешке ағасымен және немере ағасымен бірге моншаға барған. Шамамен жарты сағаттан кейін олар әлдекімдердің есікті қалай сындырып жатқанын естіген және дүрбелең басталған.

«Адамдар үрейленіп, қашуға тырысты. Біз де қашуға тырыстық, бірақ ешкімнің шығуына мүмкіндік бермеді. Кейін бәрін ұра бастады. Кім ұрып жатқаны түсініксіз — басыңды көтеруге де мүмкіндік жоқ. Олардың қолдарында таяқшалар мен электр шокерлер болды. Барлығын асүйге жинады. Күші бар деген еркектерді бөлді, ал әлсіз не арық көрінгендерді бір бөлмеге қалдырды. Сақалы бар адамдарды жеке алып кетті. Бір ер адамның мұртының жартысын сол жерде қырып тастады. Ол қарсылық көрсеткенде, бетінен ұрды. Біз не үшін ұрып жатқанын түсінбедік — ешкім құжаттарды сұраған жоқ. Бір адам орнынан тұрып, себебін сұрады, оған «Бізге тек сендер ұнамай тұрсыңдар» деп жауап берді», — деді ол.

Әлиханның айтуынша, ұрып-соғу шамамен бес сағатқа созылып, полицейлер түрлі қорлық көрсеткен.

«Біреуінің қалтасынан насыбай тауып алды. Сөйтіп сол насыбайды бәрінің аузына тығып, жегізді. Кейбірін қол күрестіріп, жеңілгендерді соққыға жықты. Кейбірінің құжатын жыртып тастады. Киімшең болғандарды бассейнге секіртті. Кейбірінің қалтасындағы ақшаны тартып алды. Бір адамға жарты келі ащы бұрыш жегізді» – дейді Әлихан.

Оның айтуынша, бес сағаттан соң полицияның лауазымды адамдары келген. Олар болған жайтты туралы сұрақ қойған кезде мигранттарға ешкім тимеген. Куәгердің сөзінше, моншада 60-қа тарта қырғыз азаматы болған. Кейін олардың бәрін түрлі полиция бөлімдеріне алып кеткен. Әлиханды 1-2 сағат ұстап, босатқан. Ал оның күйеу баласы Байназарға айыппұл салған. Ол не үшін айыппұл салғанын түсінбеген.

Жогорку Кенеш депутаты Жанарбек Ақаев Қырғызстан Мәскеудегі моншада болған оқиғаға назар аударуы керек екенін айтты.

Осы оқиғадан кейін Ресейдің Қырғызстандағы елшісі Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрлігіне шақырылып, оған нота тапсырылды.

«Ресей тарапына құқық қорғау органдары жүргізген іс-шаралардың негіздері туралы ақпарат беру туралы ресми нота табысталды», – делінген хабарламада.