«Маска тағу мәдениетке айналуы тиіс»

Маска тағу күнделікті өміріміздегі мәдениетке айналуы тиіс. Мұндай пікірді «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова білдірді.

АЛматы, NEGE. «Карантин шараларының кезең-кезеңімен алынуы өте дұрыс. Өйткені соңғы 2-4 аптаның ішінде вирусқа шалдығу жағдайы төмендеп келе жатыр. Сондықтан 17 тамыздан қатаңдатылған карантин шаралары біртіндеп алғынғанымен толықтай жойылмайды. Мұны түсінуіміз керек. Коронавирусқа әлі тосқауыл қойылған жоқ. Елімізде де, әлемде де тиылмай отыр. Демек, карантин алынды деп той-думанды бастауға, масканы шешіп тастауға болмайды. Сақтық, қауіпсіздік шараларының барлығы да орындалуы тиіс. Жалпы, коронавирус өте жымысқы ауру. Алда не боларын білмейміз, күзде екінші толқыны соғады деп жатырмыз. Міне, осыған орай карантин шараларын кезең-кезеңмен алып тастағанмен алдағы 1-2 апта жағдайды жіті бақылауда ұстау қажет. Егер індет қайта өршитін болса, онда карантин шаралары қайта қатаңдатылатындығы сөзсіз. Оған да түсіністік танытуымыз қажет. Өйткені, бұған дейін карантин шараларын жеңілдетіп едік, коронавирус індетіне шалдыққандар саны күрт артып кетті. Адамдар маска тағу, әлеуметтік арақашықтық сақтау ережелерін ұстамады», – деді ол.

Оның атап өтуінше, індет тараған кезде еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұқтырғандар саны 3,5 мыңның төңірегінде болатындығын болжаған. Алайда, қазіргі уақытта індетке шалдыққандар саны 100 мыңнан асып отыр. Ал бұған медицина саласының мамандарымен қатар қоғам, адамдардың өздері де кінәлі. Адамдардың кінәлі болу себебі, олар дәрігердің кеңесіне құлақ асқан жоқ.

«Меніңше, коронавирустың ауыр формасы және өлім-жітім жасы келген адамдардың арасында көп болды. Мұның себебі неде? Олардың жасы келгендікпен бе? Жоқ, оларда жүрек, өкпе сынды ағзаларының созылмалы аурулары болды. Енді олар осынау карантин шараларының кезең-кезеңмен алынып тасталуына пайдаланып, денсаулықтарын шыңдауы, артық салмақтарынан арылуы қажет. Дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстануы, күнделікті серуендеп, жаттығулар жасауы керек. Бұған қоса, шылым шегуден де бас тартқан абзал. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы күзге қарай коронвирус індетінің екінші толқыны бас көтеретіндігін ескертіп жатыр. Сондықтан жоғарыда атаған аурулары бар адамдар дайын болуы тиіс. Тағы бір айтарым, маска тағу күнделікті өміріміздегі мәдениетке айналуы тиіс», – деді Бақыт Түменова.

Қазір оқып жатыр

«Алматы қаласындағы ахуал да тым күрделі»: Тоқаев Мирзиеёвтің бастамасын қолдады

«Хан Шатырдың» сатылатыны туралы жарнама жалған болып шықты

Қасым-Жомарт Тоқаевты Бұқара әуежайынан Шавкат Мирзиёев күтіп алды

Құлыбаевтар республикалық бюджетке қайырымдылық ретінде қомақты сома аударған