«Мәсімовтің бауыры ұсталды»
ҰҚК-нің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің бауыры, генерал Нұрлан Мәсімовтің ұсталғаны жайында ақпарат тарады. Бұл туралы бүгін
Kozachkov offside телеграм-каналы жазды.
Алматы, NEGE. Телеграм-каналдың жазуына қарағанда, Нұрлан Мәсімовке қатысты екі дерек келіп түскен. Біріншісі мынадай: Н.Мәсімов Қырғызстанмен шекарадағы «Қордай» бекетінен жаяу өтіп кетпек болған кезде ұсталған. Ақпарат көзінің мәлімдеуінше, ол Павлодар облысы Полиция департаментін басқарып тұрғанда жасаған жемқорлық қылмысы үшін ұсталған.
«Нұрлан Мәсімовті ертең арнайы бортпен Павлодарға жеткізеді. Істі Антикор қарап жатыр», – депті ақпарат көзі.
Екінші дереккөз былай депті: «Шекарадан өтуге шектеу қойылғандықтан, Н.Мәсімов шекарадан өте алмаған. Ол Қазақстан аумағына қайтадан оралды. Әзірге оны ешкім ұстаған жоқ».
Естеріңізге салайық, Нұрлан Мәсімов – Кәрім Мәсімовтің немере інісі. К.Мәсімов ҰҚК-ні басқарып тұрған кезде Н.Мәсімов Алматы облыстық полиция департаментінде, ІІМ-де, жауапты қызметтер ақтарды. Соңғы лауазымы – Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы. Ағасы К.Мәсімов 6 қаңтарда тұтқындалды, ал Н.Мәсімов 17 қаңтарда қызметінен кеткен болатын.