«Масылдық ұғымынан біржола арылу қажет»: Президент дотацияға сеніп отыратын әкімдерді сынады

Президент жергілікті билік өкілдерін бюджет қаржысын оңды-солды шашып, пайдасы жоқ бастамаларға жұмсауды доғаруға шақырды.

Ақорда

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөйлеген сөзінде айтты.

«Әкімдіктегі бюджеттік комиссияның құрамына білімді, беделді мәслихат депутаттарын қосқан жөн. Осылайша, жұмыстың сапасын арттырып, қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалауға болады. Қыруар қаржыны оңды-солды шашып, пайдасы жоқ бастамаларға жұмсауды доғару қажет.

Әкімдер республикалық бюджеттен берілетін түрлі дотацияға сеніп отыра бермеуі керек. Масылдық ұғымынан біржола арылу қажет», – деді ол.

Бұл ретте Президент жергілікті билік өкілдері табысты көбейту үшін белсене жұмыс істеуге тиіс екенін баса айтты.

«Бюджет қабылданатын кезде "Қанша жұмыс орны ашылады, жеке инвестиция тартыла ма, бизнестің дамуына қандай жағдай жасалады, қанша салық төленеді?" деген сауалдарға нақты жауап берілуі керек. Күрішті күрмектен ажырата білу қажет. Бұл – барлық деңгейдегі әкімдер мен мәслихат депутаттары, ең алдымен, мемлекет мүддесіне қызмет ететін бір ұжым, бір команда деген сөз», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы барлық аймақтың мәслихаттары мен әкімдіктері бірлесіп, бюджеттің әр теңгесінің ел игілігіне жұмсалуын қамтамасыз етуге міндетті екенін атап өтті.

Қазір оқып жатыр

Шелдон Купердің рөлінде ойнаған америкалық актер қазақша ән салып берді

Қарашығанақ операторы 2 млрд теңге экологиялық айыппұл төледі

«Көктемді жолға салып жіберіңіздер»: елші қызылордалықтарға әзілмен өтініш айтты

Мәскеу түбіндегі «Крокус сити холлдағы» теракт: айыпталушыларға үкім шықты