Мәселені тек психологтың көмегімен шешу мүмкін емес — депутат Дания Еспаева
Мәжілісте қазақстандық армиядағы өлім фактілері мен қатыгездік жағдайлары тағы да көтерілді.
Алматы, NEGE. Бұл мәселеге депутат Наталья Дементьева бастама жасап, әскери қызметшілерге қатысты қайғылы оқиғаларды жекелеген жағдай ретінде емес, әскердегі тәрбие жұмысының жүйелі проблемасы ретінде қарастыру қажет екенін айтты.
«Қазір әскери борышын өтеп жүрген сарбаздың анасы ретінде сұрақ қойғым келеді. Бейбіт заманда аналар ұлдарын әскерге қашан қорықпай жібереді?!» — деді ол.
Қорғаныс вице-министрі Шайх-Хасан Жазықбаевтың айтуынша, әскер қоғамдағы жалпы әлеуметтік мәселелерден тыс емес, оған да отбасылық қиындықтар, қараусыз қалу және есірткі таралуы сияқты факторлар әсер етеді. Осыған байланысты әскерде мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында психологиялық қолдау шаралары күшейтіліп жатыр.
Әскери қызметке шақырылатындарды іріктеу кезінде қолданылатын психодиагностикалық әдістемелерді жаңарту үшін жұмыс тобы құрылған. Сондай-ақ жаңа психологиялық тәсілдерді әзірлеп жатқан жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнату және оларды Қарулы күштердің қажеттіліктеріне бейімдеу жоспарлануда. Қазірдің өзінде студент-психологтар әскер қатарында тәжірибеден өтіп жатыр, ал әскери психологтар біліктіліктерін арттыруда.
Алайда депутат Дания Еспаева бұл мәселені тек психологтардың көмегімен шешу мүмкін емес екенін айтты. Оның пікірінше, бақылау мен тәрбие жұмысын тікелей әскери бөлімдердің өзінде күшейту қажет.
«Егер бұл мәселені тек психологтар арқылы шешуге болатын болса, баяғыда-ақ шешілер еді. Сондықтан басты жұмыс сіздердің әскери бөлімдеріңіздің ішінде жүруі тиіс», — деді депутат.