13 ноября 2025 г. 16:21

Маржықпаев пен Назарбаев Бурабайдан жерді таныстары арқылы алған ба?

Фото: gov.kz

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистердің сұрақтарына жауап берді. Оған Бурабай ұлттық паркі аумағындағы жер мәселесіне қатысты сұрақ қойылды.

Астана, NEGE. Ахметжановтың айтуынша, ерекше қорғалатын аймақ жерлерін беру кезінде заң бұзылған.

Біріншіден, ұлттық парк құрылмай тұрып жеке үй салу үшін берілген телімдер бар. Олар заңдастырылуы мүмкін. Екіншіден, кезінде бөлінген, бірақ игерілмеген жерлер бар. Үшіншіден, кейбір жерлер аукцион арқылы берілуі тиіс болса да, заңсыз түрде жалға беріліп, кейін сатылған.

Әкімнің сөзінше, қазір игерілмеген телімдерді мемлекетке қайтару мәселесі қаралып жатыр.

«Он жыл бұрын таныстық арқылы алынған жерлер де бар. Мұнда бәрі заңға сай бағалануы керек», – деді Ахметжанов.

Журналист: «Сіз таныстық арқылы алғандар деп айтып қалдыңыз. Солардың арасында Болат Маржықпаев пен марқұм Болат Назарбаевтың отбасы бар ма? Өйткені бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі осы адамдарға қатысты сот ісін бастаған еді», – деп сұрақты нақтылады.

Әкім ешкімнің атын жеке-жеке атаған жоқ. Тек мұны құқық қорғау органдары анықтауы керек деп жауап берді:

«Егер жер заңсыз берілген болса, онда сол органдар тексеріп, нақты бағасын беруі тиіс. Кім алғанын, қандай заң бұзылғанын, қандай артықшылықпен берілгенін — бәрін анықтау қажет. Бұл тек лауазымды тұлғаларға ғана емес, кез келген азаматқа қатысты болуы мүмкін. Мұнда сыбайлас жемқорлық, пара немесе өзге де заңсыз әрекеттер орын алуы ықтимал. Сондықтан бәрін егжей-тегжейлі зерттеу керек».