7 февраля 2021 г. 17:13

Маржан Аябекова: Арманым – әлемдік деңгейдегі компания ашу

Фото:

Бір кездері жазушы Ғабиден Мұстафин «...Арман деген көп белес. Біріне шықсаң, бірі бар» деген екен. Адам баласы есін біліп, танымы артқан сайын арманы да көбейе береді. Арман заман ағымына қарай түрленіп отыратыны тағы бар. Бүгінгі жас буынның дені шетел асып оқып, шет тілін үйренгісі келеді. Армандайды. Неге?

Кейіпкеріміз Маржан Аябекова қазақ жастарына «Арманда – жетесің арманға» деп шет тілін үйретіп, армандаған оқу орнына түсуге қол ұшын беріп жүр.

– Маржан ханым, тіл үйрену әлдекімдерге арман. Шет тілін меңгеру қаншалықты қиын, армандаған дұрыс па?

– Шын мәнінде адам баласы кез келген нәрсеге қол жеткізе алады. Мысалды өзімнен келтірейін. Қарапайым ауылдан шыққан қыз үшін шет тілдерінен сабақ беру былай тұрсын, оны біліп әрі сөйлеу айтарлықтай арман еді. Осыдан 10 жыл бұрын ағылшын тілін білмек түгілі, дұрыс оқи алмадым. Бірақ, іштегі арманды оятып, әрекетке айналдырып, нәтижеге ұластыру үшін намысты қамшылау керек.

Кеше ғана Джо Диспенсаның кітабын оқыдым. Ол былай дейді: «Адамдарды когнитивті және когнитивсіз деп екіге бөлеміз. Когнитивті дегеніміз, жан қалауы мен ми қалауының тоғысуы. Осы екеуі тоғыспаса, адамның арманы орындалмайды». Тіл үйрену неге қиын деген сауалдың жауабы осы.

Мен де ағылшын тілінде еркін сөйлесем деп армандадым. Ми қалап тұрса да, жүрек толық қабылдай алмады. Бірінші курста оқып жүргенде «пут» деген сөзді «пад» деп оқитынмын. Сонда курстасымның «сен сөйлемей-ақ қойшы, сен сөйлей алмайсың» деген сөзі мені қамшылап, когнитивті болуға итермеледі. Тіпті ментор дәрежесіне дейін жеткізді.

Шетелде оқу үш ұйықтасам да түсіме кірген емес. Қиналғаным, ұйқысыз түндерім, айнаның алдында тұрып сөйлемдерді жаттағаным әлі есімде. Түсінбесем де кітапты дауыстап оқып, түсінбегеніме еңкілдеп жылағаным көз алдымда. Сол уақыттарда «Алла маған көмектесе көрші, махаббатымды сөндірмеші, өтінемін, қазақтың туын желбіретіп шетелде тұрайыншы, өзгелерге де көмегім тисінші» деп жалбарынғаным когнитивті теорияға алып келді. Барлық адамның арманы орындалады. Орындалмайтын арман болмайды, «the impossible is possible» деген сөз бар. Мүмкін емес деген мүмкін емес.

– Бір кісілер дегеніме жеттім деп өзін-өзі тастап жіберуі мүмкін. Арманға жеткеннен кейінгі қарекет жайлы не айтасыз?

– Менің армандарымның небәрі 5 пайызы орындалған шығар. Адам бір белеске шыққанда тоқтап қалмауы керек. Үнемі қимыл-қозғалыста болғаны жөн. Тіршіліктің негізі сол. Сондықтан тек қана еңбек, екбек және еңбек.

– Бірнеше тілде еркін сөйлеп жүрген ментор-полиглотсыз. Шетелде оқып жүрсіз. Армандарым көп дейсіз. Бөлісе аласыз ба?

– Әрине, ең бірінші арманым – адал жар, инабатты-иманды келін болу. Артымда саналы ұрпақ қалдыру. Екінші арманым – қазір айналысып жүрген жобаларым. Менің мақсатым – қыз балаларға білім беріп, олардың саналы, білімді ұрпақ тәрбиелеуіне ықпал ету. Одан Америкаға барып, білімімді шыңдап, елге келіп қаракөз қазақ балаларымен соны бөлісу.

Әлемдік деңгейге шыққым келеді. Сол үшін әлем тілдерін оқып жатырмын. Қазір италиян тілін оқып жатырмын, оны игеріп болып испан тіліне көшемін, солай-солай жалғаса береді. Мұндағы мақсатым – әлемдік деңгейдегі компания ашу.

Қазір шетелге оқуға түсетіндер әртүрлі қызметке, мекемеге жүгіріп жүріп шаршайды. Мен соның бәрін бір нүктеден істейтін орталық ашқым келеді. Қазақ балаларының көзін ашып, шетелге оқуға түсуді жеңілдетсем деймін.

– Мынадай бір қызық сұрақ туып тұр. Біздің жастардың дені шетелге барсақ, сонда оқысақ деп армандайды ғой. Ол жақтың жастары нені армандайды? Сол ортада жүрсіз ғой, олардың арманы қандай?

– Қазір Италиядамын. Сол жайлы айтар болсам, италиялықтар ешқайда асықпайды. Емін-еркін, отбасы татулығын бәрінен жоғары қояды. Ұйымшыл. Шын мәнісінде, мемлекет керемет дамып кеткен. Олар үшін өзгенікі таңсық емес. Басым көпшілігі айлығы жоғары жұмысқа тұруды армандайды. Өйткені табыс салығы өте жоғары. 27 пайыздан 43 пайызға дейін мемлекетке салық төлейді. Біздегідей 10 пайыз емес, сол жақта жүріп Қазақстанның өз азаматтарына жасап жатқан жақсылығын, қамқорлығын түсінесің. 

Тағы бір айта кетерлігі, Италия мемлекетінің солтүстік бөлігі өте пысық, кәсіпке бейімді, білімге зейінді. Соның арқасында мемлекет дамып жатыр деп айта аламын.

– Арманға ойысайық. Қалай армандау керек? Ғылымда дұрыс армандау деген теория бар ма?

– Арман деген тегін нәрсе ғой. Оны әрекетке айналдыруды түсіну керек деп ойлаймын. Алғашқысы – сұрау, екіншісі – әрекет. Бұл екеуі аяқ секілді. Бір аяқпен жүре алмайтыныңды ұмытпасаң болғаны. Кез келген нәрсенің жақсылығын көріп, жақсылыққа ұмтылсаңыз, жаман адамның жақсылығын көре алсаңыз. армандар міндетті түрде орындалады.

– Мотивацияны қайдан аласыз?

– Мотивация – әке-шешем. Ол кісілер таза еңбекпен, адал пейілмен осы күнге жетті. Менің әр бастамамды қолдап, тілекші болып отырады. Сол үшін олардың үмітін ақтау – мен үшін мотивация.

– Арманына жете алмай, сәтсіздікке ұшырап жүргендерге не айтасыз??

– Ондайлар көп. IELTS тестін 4 рет тапсырдым. Қаламаған жерде, ұнамаған жұмысты істеп жүріп, жылап-жылап, «қайтсем де арманыма жетемін» деп, осы күнге жеттім. Елдер мен жайлы «топ етіп аспаннан түсе салды» деп ойлайтын шығар, 4 университет оқуға қабылдамай қойды. Мен қанша жыл университеттерді зерттедім, тіл үйрендім солай арманыма жеттім. Өмірде барлық нәрсе біз ойлағандай бола бермейді. Сондықтан барлық нәрсеге дайын болу керек, бір жолы оқуға түсе алмасаңыз, тағы бақ сынап көруге болады. 

– Шет мемелекеттерге барғанда қандай жақсы, пайдалы дүниелерге назар аударасыз? Ол жақтан не аласыз?

– Шетте жүріп, ең бірінші Қазақстанның, қазақ халқының, тілінің қадірін түсінесіз. Ой өрісіңіз кеңейеді. Патриоттығыңыз арта түседі. Бәрі салыстырмалы түрде ғой. Расында да ең қонақжай халық біз екенбіз. Сыртта жүріп қазақты жек көретін талай адамды кездестірдім. Оларға ешнәрсе айта алмайсың. Ойын өзгерту үшін қазіргі дүниені жасап жатырмын. Мұның соңында ақшаға көміліп, мансап қуу емес қазақ азаматтарының патриоттығын ояту. 

Не аласың дегенге келсек, энергия деп айтар едім. Таным-түйсік арта түседі. Халқына қарасақ, италиялық әжейдің пәтерінде тұрамын. Жасы сексенге таяп қалса да, үнемі қозғалыста, көңіл-күйі көтеріңкі. Таңғы алтыда тұрып, кешке ерте жатады. Осыны күнделікті өміріме енгіздім. Сол кісі арқылы тілге деген махаббатым оянды.

– Махаббат жайлы айтып қалдыңыз. Тіл үйренудегі махаббаттың ролі қандай?

– Өте маңызды. Бұл жаққа оқуға түскен алғашқы жылы орталықтан алыстау жерде тұрдым. Үй иесі жер жағдайын білмегенімді пайдаланып, қымбат баға айтты, үй күтімі нашар әрі суық еді. Италияда жылыту маусымы болмайды. Қыста жылуды тек 3 сағатқа қосады. Үйдің, үй иесінің суықтығы менің италиян тіліне деген махаббатымды суытып жіберді. Екінші мейірімді әжеймен бірге тұрдым. Ол кісі сөйлеген сайын маған әдемі естілді, бір сөзбен айтсақ, суып қалған махаббатымды қайта оятты.

– Сізде оқып жатқан студенттер арманына жету үшін қандай тәсілдерді қолданады? Қаталсыз ба?

– Қатал дегеннен гөрі талапшыл деген дұрыс болар. Егер тіл үйрену керек болса, соған берілу керек. Сол себепті мен күнделікті тапсырмаларды тексеріп, жіті қадағалап отырамын.

– Отандық ЖОО-дан ол жақтағы білім мекемелерінің артықшылығы қандай?

– Әрине, артықшылықтар жеткілікті. Бір ғана мысал айтайын, оқытушы-профессорлар құрамы – практиктер. Заң саласын алсақ, дәріс оқитын мұғалім халықаралық даулы мәселелерді шешіп жүрген адвокат болуы мүмкін, журналистика болса, танымал газеттің редакторы болуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, ЖОО-да теоретиктен гөрі практиктерге басымдық берілген. Сосын, студенттер өзі үшін оқиды. Оған ешкім «кел, оқы, тапсырманы өткіз» демейді. Бізде бәрі керісінше ғой. Сол үшін де білім сапасы көңіл көншітпейді.

– Арманға жету үшін қандай кеңес айтасыз?

– Жоғарыда айтқанымдай, кез келген дүниенің жақсылығын көре білген адамның армандары міндетті түрде орындалады.

Тегтер: