Мәртебелі фамилияңызға қарамаймыз: Болат Назарбаевқа тиесілі 300 мың гектар жер мемлекетке қайтарылады

Болат Назарбаевтың еншілес компанияларына тиесілі жерлер мемлекетке қайтарылды, деп хабарлады  'Amanat' партиясы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерлан Сайыров.

Алматы, NEGE. «Жарты жыл бұрын Болат Назарбаеавтың заңсыз иеленген жер телімдері жөнінде осы Кеңесте айтқанбыз. Аталған мәселе бойынша біз Қазақстанның Бас прокуратурасымен тығыз жұмыс істедік. Нәтижесінде Республикалық Прокуратура Болат Назарбаеавқа тиесілі Астана, Алматы, Талғар қалалары, Қаскелең елді мекені, Түркістан облысының ең тиімді жерлерінде орналасқан 244-гектар, 59 жер телімі анықтады. Бұл жерлер бизнес-орталықтары, коттедж қалашықтарын салуға бағытталған», - деді Ерлан Сайыров.

Бас Прокуратура, Жер ресурстары Комитеті анықтағандай, жер телімдерінің басым көпшілігі заңсыз рәсімделген.

«Қазір, Бас Прокуратура осы жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Біз бұл мәселені Қоғамдық Бақылауда ұстаймыз. Сонымен қатар, Болат Назарбаевтың еншілес компанияларына тиесілі Маңғыстау облысында 239-мың гектар, Жамбыл облысында 60-мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. «АМАNAT» партиясы елімізде әділеттілікті қалыптастыру, «бармақ басты, көз қыстымен» жымқырылған халық ырыздығын қайтару жұмысын жүйелі жүргізетін болады!

Мәртебелі фамилия, «өткендегі еңбегіңіз», қалтаңыздың қалыңдығына қарамаймыз. Азаматтардан Кулибаев, Клебанов, Арселлор Митталл, Халық банкі, Жусан Банкіге қатысты материалдар біздің Кеңеске тапсырылып жатыр. Фактілердің барлығы тиісті органдарға тексеруге жіберіледі. Халықтың меншігіне қолды былғадыңыз ба? Қайтарасыз. Алмақтың салмағы бар және ол ауыр», - деп жазды қоғамдық кеңестің төрағасы.