«Марстан» жеткен жауап: Маминнің денсаулығы қалай?

Коронавирус пен пневмония күйіп тұрған шіліңгір шілдеде ҚР Премьер-министрі А.Маминнің атына ресми сауал жолдағанбыз. 28 шілдеде жіберілген хатқа жауапты 26 тамызда әзер алдық. Айшылық алыс жол жүретіндей Маминнің кеңсесі Марста орналасқан ба дерсіз...

Мәселенің мәнісі мынада: маусымның орта тұсында сол кездегі Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Біртанов Жамбыл облысына Премьер-министр Асқар Маминмен бірге барғандықтан, Мамин де оқшауланды. Дәл осы сапарда Премер-министр А.Мамин, Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, Жамбыл облысының әкімі Б.Сапарбаев мінген тікұшақ апатты жағдайда қонды. Бұл оқиға жайында да көптеген гу-гу әңгіме тарады. Осыдан кейін іле-шала А.Маминнің оқшауланғаны да талай нәрсеге тамызық болғаны рас. Тіпті шілденің басында «премьер-министр коронавирус жұқтырды» деген ақпарат шықты.

Осыған байланысты Nege.kz порталы Премьер-министрдің кеңсесіне, ірі қалалар мен облыс әкімдерінің атына сауал жолдаған. Сергек әкімдерден жауап та жылдам келді. Маужырап жүргендерден там-тұмдап келіп жатыр. Ал енді «маубастардан» әлі жауап жоқ.

Қош, сонымен, Асқар Ұзақбайұлын аман-есен деген соң, «аунап тұрған» адамнан көңіл сұрайтын қазақы әдетпен бірнеше сауал жолдағанбыз: «Айыққаннан кейінгі жағдайыңыз қалай? Қай ауруханада ем қабылдадыңыз? Емдеудің қандай тәсілдерін пайдаландыңыз? Қандай дәрілермен емделдіңіз?».

Соңғы екі сұраққа жауап күткеміз жоқ. Өйткені әр адамды емдеу тәсілі әртүрлі болады. Қандай дәрі ішетіні де адамның ағзасына байланысты болмақ. Ал енді жағдайы қалай екені, қай ауруханада жатқаны мемлекеттік құпия болмаса керек-ті.

Премьер-министрдің баспасөз қызметінің басшысы З.Нұрланованың 17 тамызда жазған жауабы мынадай болды:

«Шілде айының басында А.Маминге коронавирус диагнозы қойылғаны туралы кейбір Telegram-арналарда жалған әрі шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таралған. ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің денсаулығы жақсы, ол жүйелі түрде коронавирусқа тест тапсырып жүр. Тапсырылған барлық тест сынамасы теріс нәтиже көрсетті».

Мына нәрсені атап айтуға тиіспіз: кейбір әкімдіктер мен министрліктерден жауап алу мүмкін емес, ал Премьер-министрдің кеңсесіне жолдаған екі хатымызға да жауап келді. Алайда «Арқадағы Нұр-Сұлтаннан Алатаудың етегіндегі Алматыға хат НЕГЕ бір айда итшілеп әзер жетті?» деген сұрақ көкейден кетпеді. Және ол сұрағымызға жауап тапқандай болдық...

Nege.kz жолдаған екі ресми сауалдың екеуін де Премьер-министрдің кеңсесі «Қазпошта» арқылы жіберуді сұрады. А.Маминнің кеңсесі электронды поштамен хат қабылдамайтынын естігенде, езуімізге күлкі үйірілгені де жасырын емес.

«Қазпоштаның» есек арбасы арқылы салған хатымыз Премьер-министрдің кеңсесіне 11 тамызда жеткен. Тиісті жауап қайтару үшін кеңседегілер хатты сол күні баспасөз қызметіне жолдаған. Баспасөз қызметінің басшысы жауап жазған күн – 17 тамыз.

Жолданған сауал мен берілген жауаптың уақытына қарап, мынадай ой түйдік: «Қазпоштаның» есек арбасы Нұр-Сұлтан мен Алматының арасында шамамен он-он бес күндей жүреді. Хатымыз бір аптаға жуық Премьер-министрдің баспасөз қызметінде жатқанын және «есек арбамен» қайтар жолға тағы он күннен аса уақыт кететінін ескерсеңіз, бір ай шыға келеді. 

Сонда дейміз-ау, Премьер-министрдің кеңсесіне немесе баспасөз қызметіне хат-хабар алыспаққа электронды пошта ашып қою қиын ба?

Құдайшылығын айтайық, Асқар Ұзақбайұлының аман-есен екенін бір ай дегенде әзер естіп, қатты қуанып отырмыз...

Қазір оқып жатыр

Семей қаласында ер адамдар балалардың көзінше арыстандарға тас лақтырған

Аула темір қақпамен жабылып, көлікке толы болған: Астанадағы өрттің мән-жайы айтылды

Жанбыршин өзін әлеуметтік желіде сынағандарды Жаңаөзенге шақырды

Айды зерттеу – Қазақстан ғылымының жаңа бағыты