Марқұм Ұлдананың күйеуі өтемақыны қайтаруға міндетті ме – Заңгер жауабы
Осыдан тоғыз ай бұрын Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайының қайта үйленуі қоғамда қызу талқыланды. Көпшілік оның әрекетін сынап, марқұмның отбасына көрсетілген 20 млн теңге көлеміндегі материалдық көмекті қайтаруды талап етті. Ал Ұлдананың анасы бейнеүндеу жариялап, бұрынғы күйеу баласынан іс бойынша жәбірленуші мәртебесінен өз еркімен бас тартуын сұрады.
Астана, NEGE. Тілшіміз заң мұндай жағдайда не дейтінін, марқұмның бұрынғы жұбайы жәбірленуші мәртебесінен айырылуы мүмкін бе және өтемақыны қайтаруға міндетті ме деген сауалдарды белгілі құқықтанушы, фембике, М.Нәрікбаев университетінің дәріскері, гендерлік экономика зерттеушісі Әйгерім Құсайынқызымен талқылады.
Маманның пікірінше, бұл дау Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексімен және ҚР Қылмыстық-процестік кодексімен реттеледі.
«Мұндағы ең басты мәселе – жәбірленуші тарап, яғни Ұлдананың экс-күйеуі алған өтемақыны қайтаруға міндетті ме деген сұрақ. Бұған құқықтық негіз жоқ. Ол өтемақыны қайтаруға міндетті емес.
Екінші мәселе – іс бойынша жәбірленушінің мәртебесін өзгерту, яғни оны экс-күйеуінен алып, анасына беру туралы. Жәбірленушінің мәртебесі Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі. Оны сот немесе тергеу органдары анықтап, шешеді. Сондықтан бұл жағдайда күйеуі жәбірленуші мәртебесінен айырылмайды. Неліктен? Себебі жәбірленуші – моральдық немесе материалдық зиян шеккен және өтемақы алуға құқылы тұлға. Ұлдана өмірден өткеннен кейін кімнің өміріне зиян келді деген сұраққа келсек, Неке және отбасы туралы кодекс пен қылмыстық заңнама бойынша ол – отбасы мүшесі, яғни күйеуі», – деп пікір білдірді Құсайынқызы.
Құқықтанушының айтуынша, Ұлдананың бұрынғы жұбайының қазір екінші рет үйленуі оның бұрынғы құқықтық мәртебесіне әсер етпейді. Себебі тоғыз ай бұрын ол Ұлдананың заңды күйеуі болды және дәл сол кезде жәбірленуші ретінде 20 млн теңге көлеміндегі өтемақыны алуға құқылы еді. Оның айтуынша, мұндай жағдайда заңның кері күші болмайды деген қағида қолданылады. Ұлдана қайтыс болған сәтте ол оның заңды жұбайы болғандықтан, ең ауыр моральдық зардап шеккен тұлғалардың бірі ретінде моральдық өтемақыны және Ұлдананың қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болуына байланысты берілген қаражатты алған.
«Әрине, анасы да өтініш бере алады. Бірақ ол өтінішті қарап, шешім қабылдайтын – тергеу органдары мен сот. Меніңше, бұл жағдайда күйеуін жәбірленуші ретіндегі құқықтық мәртебесінен айыруға ешқандай негіз жоқ. Заң бұл мәселеде жігіт жақта. Ал оның жұбайы қайтыс болғаннан кейін екінші рет үйленуі оның құқықтық мәртебесіне еш әсер етпейді. Себебі бұл – адамның жеке құқықтарына қатысты мәселе. Отбасы құқығы адамның мәдени құқықтарымен де тығыз байланысты», – деп пікір білдірді спикеріміз.
Құқықтанушының айтуынша, қазақ қоғамында «жесір» деген ұғым көбіне әйелге қатысты қолданылады. Ал ер адамның жесір деген баламасын ешкім біле бермейді. Оның пікірінше, бұл да белгілі бір гендерлік теңсіздіктің көрінісі. Көп жағдайда олар қайта үйленіп жатады.
«Бұл тек Ұлдананың күйеуінің жағдайы емес. Мұндай жағдайлар өмірде өте жиі кездеседі. Сондықтан оған таңданудың қажеті жоқ. Себебі патриархалдық қоғамда мұндай құбылыстар жиі болады. Жалғыз әйел баласын өсіріп кете алады, ал жалғыз ер адам көп жағдайда өмірін бұрынғыдай жалғастыра алмайды. Оған үйінде тамақ әзірлейтін, тұрмысын реттейтін, қолдау көрсететін адамның қажеттілігі жиі байқалады. Біз осы әлеуметтік құбылысты да ескеруіміз керек. «Сатқындық болды ма?», «Махаббаты қайда?» деген сұрақтарды қоюдың орнына, мәселені тереңірек түсінуге тырысуымыз керек. Жесір әйелдерге қоғам қандай талап қояды, ал жесір ер адамдарға қандай талап қояды – мәселе осында», – деді Әйгерім Құсайынқызы.
Жесір ер мен әйелге қойылатын қоғам талабы жайлы
Спикеріміз бұл жағдайға тек материалдық дау ретінде емес, философиялық әрі гендерлік қырынан қарауға шақырды. Оның пікірінше, қоғам жесір әйел мен жесір ер адамға әртүрлі талап қояды және осы мәселені де талқылауы қажет.
«Одиссей туралы аңыздағы Пенелопаны еске түсірейік. Ол күйеуінің өлі-тірісін білмей жиырма жыл күтті. Ал ер адамдар жиырма жыл күте ала ма? Мұндай мысалдар әдебиетте де, мәдениетте де өте көп. Сондықтан бұл бір отбасының материалдық дауына ғана қатысты мәселе емес. Бұл – қоғам болып тереңірек талқылайтын философиялық мәселе. «Екінші рет отбасы құру үшін қанша уақыт күту керек?», «Қайын жұртынан рұқсат сұрауы керек пе еді?» деген сұрақтарға келсек, әрине, жоқ. Заңнама бойынша он сегіз жасқа толған, әрекетке қабілетті азамат өзінің әрекеті үшін ешкімнен рұқсат сұрауға міндетті емес. Ал «алдымен қайын жұртынан өтуі керек еді» деген пікірлер – біздің қазақы дүниетанымымыздағы мәдениет пен дәстүрге қатысты түсініктер. Олар заңмен реттелмейді. Сондықтан оның екінші рет отбасы құруға толық құқығы бар.
Ал бұл жағдайдың екінші жағы – жесір әйел қайта тұрмысқа шыққанда қоғам қандай талап қояды, ал жесір ер адам қайта үйленгенде қандай талап қояды деген мәселені көтерді. Посттардың астында оның күйеуін табалап, жеке басына тиіп жатқан пікірлерді де орынсыз деп санаймын. Себебі ол – ересек, әрекетке қабілетті азамат. Ол өз әрекеті үшін халық алдында ақталуға, рұқсат сұрауға, ағынан жарылып «Ұлдананы сүйемін, бірақ екінші рет үйленіп жатырмын» деп мәлімдеме жасауға міндетті емес.
Өкінішке қарай, пікір қалдырушылардың көбі оның жеке басына тиіп, ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін сөздер айтып жатыр. Біз заң мен тәртіптің бар екенін түсінуіміз керек. Сонымен қатар заңнан бөлек, мәдениет пен моральдық-этикалық құндылықтар да бар. Кез келген ересек адамның жеке шешімін құрметтей білуді ұмытпауымыз керек», – деді ол.
Еске салсақ, 2025 жылдың қараша айында Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанға жұмыс орнында кондиционер құлап, ол алған жарақаттарынан көз жұмды.