22 мая 2025 г. 13:36

«Мен сол кезде атсам, сенің шекеңе атар едім» – Марқұм Нұрғанат Ғайыпбаевтың күдікті Шыңғыс Белғожаевпен беттескен видеосы жарияланды

Фото: Жоғарғы сот

Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр. 

Бүгінгі сот отырысында сот тергеу әрекеттері мен куәгерлердің, жәбірленушілердің оқиға орнына барып айғақ берген бейнежазбалары және беттестіру кезіндегі видеолары қаралып жатыр.

2024 жылдың 24 қазанындағы беттестірудің қысқаша хаттамасы бойынша жәбірленуші Нұрғанат Ғайыпбаев пен күдікті Шыңғыс Белғожаевтың арасындағы беттестіру таспасы көрсетілді. 

Беттестіру кезінде тергеуші жәбірленуші Нұрғанат Ғайыпбаевтан: «Сізге қарама-қарсы отырған күдікті Белғожаев Шыңғыс Айдосұлын танисыз ба? Араларыңызда бұрын бас араздық болды ма?» – деп сұрақ қояды. «Болған жоқ, бірақ танимын. 3-нен 4-не қараған түні «Қамажай» дүкенінде бірінші рет көрдім», – деп жауап береді Нұрғанат Ғайыпбаев.

Тергеуші: Есімін білуші ме едіңіз?

Н.Ғайыпбаев: Есімін естігенмін.

Тергеуші: Кім деп естідіңіз?

Н.Ғайыпбаев: Аты-жөнін толықтай білмеймін, бірақ Шыңғыс екенін білемін. 

Күдікті Белғожаев Шыңғыс өзіне қарама-қарсы отырған жәбірленуші Ғайыпбаев Нұрғанатты танымайтынын және бұрын көрмегенін айтады. 

Тергеуші: Жәбірленуші Ғайыпбаев қазан айының 3-нен 4-не қараған түні күдікті Белғожаевты көрдім деп отырсыз. Қандай жағдайда көрдіңіз? Сол күні болған оқиға туралы қысқаша мәлімет беріңізші. Қандай әрекеттер болғанын нақты айтып берсеңіз?

Н.Ғайыпбаев: Сол күні түнде бауырым хабарласып, бір баламен төбелесіп қалғанын айтып, келуімді өтінді.

Тергеуші: Бауырыңыз кім?

Н.Ғайыпбаев: Шерзат. Бірінші Қаржаубай хабарласты, артынан Шерзатқа қоңырау соқтым. Ол: «Нұрболат аға, өзіңіз келмесеңіз болмайды», – деді. Мен 5 минут ішінде жетіп бардым. Дүкенде Дархан деген бала болды. Сол Дарханмен арада төбелес болған. Ол Нұрбол дегенді шақырған. Нұрбол деген мына балаларды шақырады. Шыңғыс, Абзал, Нұрқияс дегендерді шақырады сол жерден. Мен бұлармен амандасып, сөйлесіп тұрған кезде сол жерде бірінші кезекте Ахмет деген баланы ұрады. Оған Нұрқияс пен Абзал екеуі жабылды. Сол кезде мынау (Шыңғыс Белғожаев – ред.) ар жақта тұрып, пышақ шығара бастайды. Қолында пышақ болды. Пышақ шығарып, кәдімгідей атылды. Сонымен ана жерде төбелес басталып кетеді. 

Тергеуші: Пышақ ұстап кімге атылды?

Н.Ғайыпбаев: Пышақ ұстап алып, дүкеннің ішіне қарай атылды. Шерзаттың шекесінен соңына дейін «добивать» етіп жатқанын видеодан көрдім. Мен: «16 жастағы баламен не көрінді? Арамызда жігітше шешейік», – деп айттым. Осы бала 16 жастағы баланы шекесінен соңына дейін пышақпен «добивать» етіп жатыр екен. Шешесінің қолында тұрған баланы осы (Шыңғыс Белғожаев – ред.) «добивать» етіп жатты. 

Тергеуші: Сабыр сақтаңыз! Оқиға орнында нақты қандай әрекеттерін байқадыңыз?

Н.Ғайыпбаев: Осы туындатты ғой. Не айтамын басқа. Сізге осының алдында түсіндірдім ғой, ары қарай нақты не болғанын білмеймін. Мені талдырып тастады. 

Тергеуші: Сізге қатысты нақты бір әрекеттер жасады ма?

Н.Ғайыпбаев: Бұлар маған қарай атылды ғой. Соңында мені «добивать» етуге келді ғой. Негізінде ол жерде екі адам өлетін еді. Бірақ, құдай сақтап мен тірі қалдым да, бауырым өліп кетті. 

Тергеуші: Сізге қатысты қанша адам күш қолданды?

Н.Ғайыпбаев: 7-8 адам сол жердегі. 

Тергеуші: Сол жігіттердің ішінде болды ма?

Н.Ғайыпбаев: Ішінде болды.

Тергеуші: Нақты сізге қатысты қандай әрекеттер жасағаны есіңізде бар ма?

Н.Ғайыпбаев: Есімде жоқ, өйткені талып қалдым. Мені «добивать» етіп, тепкенін видеодан көрдім. 

Тергеуші: Қандай киімде болды? Айтып бере аласыз ба?

Н.Ғайыпбаев: Басында қара кепка, қара жеңі жоқ күртеше, алдында барсеткасы болды. 

Тергеуші ары қарай Белғожаев Шыңғыстан жауап алды.

Тергеуші: Күдікті Белғожаев Шыңғыс, сіз жәбірленуші Ғайыпбаев Нұрғанаттың берген жауабын естідіңіз бе? Сол жауаптармен келісесіз ба?

Ш.Белғожаев: Естідім, барлығымен келіспеймін.

Тергеуші: Толық келіспейсіз? Жартылай келісесіз бе?

Ш.Белғожаев: Иә, жартылай келісемін. 

Тергеуші: Қай жерінде келісетініңізді, қай жерінде келіспейтініңізді нақты айтып бере аласыз ба?

Ш.Белғожаев: Келдік, дүкен жаққа барғаным бар. Өйткені, пышақпен тұрған кісіні көрдім. Содан кейін мен де пышақ шығардым. Дүкен жаққа бардым, бірақ бұл жігітке қолым тиген жоқ. 

Тергеуші: Келіспейтініңіз қай жер сонда?

Ш.Белғожаев: Бұл баланы (Нұрғанат Ғайыпбаевты – ред.) ұрған жоқпын. 

Тергеуші: Сіз өзіңіз оқиғаның қалай болғанын айтып беріңізші?

Ш.Белғожаев: Тоқтаубаев Нұрбол хабарласып, дүкенге келуімізді сұрады. Бәріміз Mersedes кабанмен келіп тоқтадық. Шықтық, сол жерде төбелес басталып кетті. Сол кезде дүкеннен бір кісі пышақпен шығып келе жатты. Сол кезде мен де пышақ алдым. Сөйтіп, ана кісіге қарай жақындадым. Ол кісі дүкенге кіріп кетті, сол сәтте мылтық атылды. Қалай атылғанын көрген жоқпын, мылтықтың даусын естідім. Дүкеннің орта жағынан екінші оқ біз тұрған жаққа қарай атылады. 

Тергеуші: Кім атты?

Ш.Белғожаев: Осы жігіт (Нұрғанат Ғайыпбаев – ред.) атты.

Н.Ғайыпбаев: Мен сол кезде атсам, сенің шекеңе атар едім. 

Тергеуші: Сосын?

Ш.Белғожаев: Нұрқияс па біреуі жақындап барды. Мылтығын қолынан тартып алды ғой деймін, қараңғы жаққа қарай кетіп қалды. Одан кейін мен де артынан жүгіріп бардым. Сол жерде бір бала отырды, ол қайтыс болған бала екен. Соны шатастырып алдым. Мен мылтық алып келген осы баланы ұрамын деп ойлағанмын. Ұрып, теуіп жіберемін. Сөйтсем, қайтыс болған баланы ұрып жіберіппін. Маған дейін ол балаға пышақ тығып алған екен. 

Тергеуші: Сіз немен ұрдыңыз?

Ш.Белғожаев: Мен тептім, сосын қолымда пышақ тұрды. Сол пышақтың сабымен ұрдым.

Тергеуші: Мылтықты қайдан алып келгенін, қандай мылтық екенін сиапттап айтып бере аласыз ба? Кімнің қолында болды?

Ш.Белғожаев: Осы Нұрғанат деген жігіт атты. Қайдан алғанын көрмей қалдым. 

Тергеуші: Атқан кезде қай жерде тұрды?

Ш.Белғожаев: Екі дүкеннің ортасында көше бар, сол жерде. 

Тергеуші: Қанша рет атылды?

Ш.Белғожаев: Екі рет...

Тергеуші: Басқа қосарыңыз бар ма?

Ш.Белғожаев: Басқа қосарым жоқ. 

Тергеуші: Жәбірленуші жақтан сұрақтар бар ма?

Н.Ғайыпбаев: Қандай мақсатта сен 16 жастағы баланы өлтірдің?

Ш.Белғожаев: Оның 16 жаста екенін білген жоқпын. 

Н.Ғайыпбаев: Мен айттым ғой сол жерде.

Тергеуші: Тергеу жүріп жатыр, бір-бірлеріңізге нақты сұрақ қойыңыздар...

Н.Ғайыпбаев: 16 жастағы баланы қалай өлтірдің?

Ш.Белғожаев: Ол баланы мен өлтірген жоқпын. 

Жәбірленушінің адвокаты: Белғожаев, айтыңызшы сіз дүкенге не үшін келдіңіз? Сізді кім шақыртты?

Ш.Белғожаев: Нұрбол...

Жәбірленушінің адвокаты: Не үшін шақыртты?

Ш.Белғожаев: Осы жаққа келіңдерші деді. Мән-жайды айтқан жоқ. 

Жәбірленушінің адвокаты: Сіз кіммен келдіңіз?

Ш.Белғожаев: Біз Нұрқияс, мен, Азамат, Равиль, сосын екі бар. Бәріміз кафеде отырғанбыз. 

Жәбірленушінің адвокаты: Сіз өз жауабыңызда көліктен пышақ алдым дейсіз. Сіздер ылғи пышақ ұстап жүресіздер ме?

Ш.Белғожаев: Жоқ, көлікте жатқан пышақ болған. 

Жәбірленушінің адвокаты: Не үшін көлікте пышақ ұстап жүрсіздер?

Ш.Белғожаев: Бір күн бұрын көлік алғанмын, соның жүк салғышында жатқан. 

Жәбірленушінің адвокаты: Қылмыс жасауды бірінші болып кім бұйырды?

Ш.Белғожаев: Бұйырды?

Күдіктінің адвокаты: Дұрыстап қойыңыз сұрақты. Сіз қылмыс жасаймын деп бардыңыз ба?

Ш.Белғожаев: Жоқ. 

Жәбірленушінің адвокаты: Шерзатты пышақпен сіз ұрдыңыз ба?

Ш.Белғожаев: Жоқ... А иә, иә мен ұрдым. Пышақ қолымда жабық тұрды сонымен басынан ұрдым, бірақ ашып пышақ салған жоқпын. 

Жәбірленушінің адвокаты: Қарумен де ұрдыңыз ба?

Ш.Белғожаев: Жоқ, қарумен басқа бала ұрды.

Жәбірленушінің адвокаты: Кім ұрды?

Ш.Белғожаев: Нұрқияс. 

Күдіктінің адвокаты: Мына кісінің (Шыңғыс Белғожаевтың – ред.) қалай ұрып жатқанын видеодан ғана көрдіңіз бе?

Н.Ғайыпбаев: Иә.

Күдіктінің адвокаты:  Содан кейін есімін білемін, бірақ мына кісіні (Шыңғыс Белғожаевты – ред.) танымаймын деп отырсыз? Сіз қайдан білесіз?

Н.Ғайыпбаев: Өйткені «шантрабанда» бұлардың барлығы. 

Күдіктінің адвокаты: Қайдан білесің «шантрабанда» екенін? 

Н.Ғайыпбаев: Өйткені, автостанцияда гоп-стоп балалардың телефондарын тартып алатынын сол жерде көрдім. Медколледждің балаларын тонап жатқан жерінен қаншамасын алып шықтым. 

Күдіктінің адвокаты: Басқа сұрағым жоқ. 

Тергеуші: Бірінші рет дүкен жақта пышақ шығарып тұрғанын көрдім дедіңіз, екінші рет қайдан көрдіңіз?

Н.Ғайыпбаев: Мен бауырымды құшақтап, өзіме қарай тарттым ғой. Сол сәтте мені «добивать» етіп, ұрып өлтіруге келген кезде. Менің ең бірінші шекемнен тепкен мынау (Шыңғыс Белғожаев – ред.) болатын. 

Тергеуші: Сол кезде нақты көрдіңіз бе?

Н.Ғайыпбаев: Нақты көрдім. Мен жауып тұрдым, сол кезде келіп, шекемнен итерді. Ары қарай темір ме, немен ұрғанын білмеймін. 

Тергеуші: Жауабыңызда видеодан көрдім деп айтып қалдыңыз?

Н.Ғайыпбаев: Жоқ, мен ана жерде былай құшақтаған кезімде, мені шекемнен теппей тұрып дедім ғой... Мен Шерзатты құшақтадым, қойныма тарттым. Сол кезде жаныма келді де мынау бірінші келіп тепті. Одан кейін ар жағындағылар келіп соққы жасады. Сол кезде мынау Шерзатқа келіп, пышақ сұқты. Видеодан пышақ сұққанын нақты көрдім.