Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайы жаңа некесіне қатысты пікір білдірді

Астанада қайғылы жағдайда қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайы Әділет Зейнел жаңа отбасын құруына қатысты қоғамдағы талқылауға алғаш рет пікір білдірді. Ол ҚХП-ға берген сұхбатында қазіргі жұбайымен биыл сәуір айында танысқанын айтты.

скрин видеодан

Астана, NEGE. Сондай-ақ Әділет марқұм Ұлдананың анасының әлеуметтік желіде жариялаған видеоүндеуіне жауап берді. Оның айтуынша, жаңа отбасы құруы Ұлдананың қазасына қатысты іс бойынша жәбірленуші мәртебесінен бас тартатынын білдірмейді. Ол тергеудің соңына дейін жүргізілуіне мүдделі екенін жеткізді.

«Бұл істі бастағаннан кейін оны соңына дейін жеткізгім келеді. Егер ертең бас тартсам, жұрттың бәрі: "Екінші отбасын құрды да, енді бәрінен бас тартып жатыр" деп айтады. Сондықтан істің соңына дейін жеткізілгенін қалаймын», деді Әділет Зейнел.

Ол қазіргі уақытта өмірін қайта қалыпқа келтіруге тырысып жүргенін де айтты.

«Қазір күліп, қалыпты өмір сүріп жүргенім анамның, Алланың және қазіргі жұбайымның арқасы. Наурыздың ортасында туыстары Ұлдананың рухына арнап Құран бағышталатынын айтып, әріптестерімді шақырған екен. Бірақ мені шақырмады. Содан кейін менімен араласқысы келмейтінін түсіндім», деді ол.

Әділеттің анасының айтуынша, Ұлдананың қазасынан кейін Шымкентте өткен отбасылық жиында марқұмның туыстарымен бұл мәселе де сөз болған. Оның сөзінше, сол кезде Ұлдананың анасы туыстық қарым-қатынас жалғаса беретінін және болашақта Әділет қайта үйленуді шешсе, оған қарсы болмайтынын айтқан.

Әділеттің анасы да ұлының жаңа отбасы құруына қарсы болмағанын жеткізді. Оның айтуынша, қайғылы жағдайдан кейін адамның қанша уақыт күтуі керектігі ешбір заңда белгіленбеген.

«Ешбір заңда бір жыл немесе бір жарым жыл күту керек деп жазылмаған. Мен баламның қайта күліп жүргенін қаладым. Қайғысын жеңілдетуге көмектесетін жанды тезірек кездестірсе екен дедім. Әрбір ана мені түсінетін шығар», деді ол.

Еске салайық, фельдшер Ұлдана Мырзуан Астанада қайғылы жағдайда қаза тапқан еді. Оның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Әділет Зейнел бұл іс бойынша жәбірленуші ретінде танылған. Бұған дейін біз көпшіліктің Әділеттен өтемақыны қайтару талабы қаншалықты заңды екенін құқық саласы маманымен талқылаған едік.