Маңғыстаутағы сарбаздар қазасы бойынша 300-ден астам адамнан жауап алынды – Бас прокуратура

Бас прокуратура Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерге қатысты оқиғаның мән-жайын жан-жақты анықтау үшін кешенді тергеу әрекеттері жүргізілгенін хабарлады.

Қорғаныс министрлігі

Астана, NEGE. Прокуратура ақпаратынша, Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары қазірге дейін үш жүзден астам адамнан жауап алған. Сондай-ақ отыздан астам сот сараптамасы мен зерттеу жүргізілген.

Тергеу барысында қызметке салғырт қарады және кеме жүргізу қағидаларын бұзды деген күдікпен сегіз лауазымды тұлға сот санкциясымен қамауға алынды. Олардың ішінде Қарулы күштердің әскери-теңіз күштері бас қолбасшысы, оның бірінші орынбасары мен жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, екі әскери бөлімнің командирлері, теңіз жаяу әскері батальоны мен ротасының командирлері, сондай-ақ катер капитаны бар.

Бұған қоса Бас прокуратура жақын арада тергеу әрекеттері аяқталып, қылмыстық процеске қатысушылар іс материалдарымен таныстырыла бастайтынын хабарлады.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Каспий теңізінде оқу-жауынгерлік міндетті орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, 17 әскери қызметші суға кеткен болатын. Олардың үшеуі құтқарылып, қалған 14 әскери қызметші қаза тапты.

Қайғылы жайтқа байланысты қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу баптары бойынша қылмыстық істер қозғалды.