Маңғыстаудағы төтенше жағдай: Үкіметтік комиссия отырысында не айтылды?
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы төтенше жағдайдан кейін құрылған Үкіметтік комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында бірінші кезектегі тергеу іс-шараларының нәтижелері қаралды.
Астана, NEGE. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сарбаздардың қаза болу фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу баптары бойынша қылмыстық істер қозғалғанын мәлімдеді.
Әділов әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оқу-жаттығуларды ұйымдастыруға және құтқару іс-шараларын жүргізуге байланысты заңбұзушылықтарға жол берді деп күдікке ілінген лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілетінін атап өтті.
Жиында ауруханаға түскен әскери қызметшінің жағдайы жеке қаралды. Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазановтың айтуынша, әскери қызметшінің жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Әскери қызметші есін жиып, барлық қажетті медициналық көмекті алып жатыр. Жанында ата-анасы бар.
Сондай-ақ қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларына жан-жақты қолдау көрсету бойынша барлық түскен қаражатты бөлудің абсолютті ашықтығын қамтамасыз ету тапсырылды.
«Бұл ретте материалдық көмек заңда белгіленген мемлекеттік төлемдер мен өтемақыларды ғана емес, сонымен қатар бизнес өкілдері мен меценаттар тарапынан қаржылық қолдауды да қамтитын болады», – делінген хабарламада.
Түскен қаражатты шоғырландыру үшін ашылған арнайы қор қызметін Маңғыстау облысының әкімдігі бақылайтын болды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Халық кеңесі мүшелері қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 815 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсететіні мәлім болды. Кеңес хатшылығы қаражат тікелей қаза тапқандардың отбасыларына берілетінін хабарлады.