Маңғыстаудағы мұнай-газ кәсіпорнында жоспардан тыс тексеріс басталды

Маңғыстау облысындағы Tenge Oil&Gas серіктестігіне қарасты қауіпті өндірістік нысандарда жоспардан тыс тексеріс жүріп жатыр. 

gov.kz

Астана, NEGE. Тексерісті облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы жүргізуде. Бұл бақылау шаралары өндірістегі жағымсыз жайттардың алдын алуға және еңбек қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, кәсіпорында бұрын жүргізілген инспекция кезінде бірқатар кемшлік тіркелген. Қазіргі уақытта мамандар ұсынылған есептік деректердің өндірістегі шынайы жағдайға сәйкестігін мұқият зерттеп жатыр.

«Компания басшылығының қауіпсіздік саласындағы ескертулерді қаншалықты сапалы орындағаны жан-жақты зерделенуде. Өңірдегі жер қойнауын пайдалану аймақтарының авариясыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселесі уәкілетті органдардың қатаң назарында тұр», – делінген Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті хбарламасында.

Егер заңбұзушылықтар жойылмағаны анықталса, кінәлі тарапқа қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қабылданады.