Маңғыстауда аудан әкіміне неге сөгіс жарияланды?
Маңғыстау облысында Қарақия ауданының әкіміне коронавирус үшін сөгіс жарияланды, - деп хабарлайды "Лада".
Алматы, NEGE. Қарақия ауданында коронавирус инфекциясын жұқтырған 20 адам тіркелген. Өңірде барлығы 62 адамнан CОVІD-19 анықталған.
1 мамырда өңір басшысы Серікбай Трумов Сенек ауылы мен Жаңаөзен қаласына барған. Облыс әкімі блокбекеттерді тексеріп, Қарақия ауданы мен Сенек ауылының әкімдерімен кездесті. "Бүгінге дейін 242 тұрғыннан талдау алынып, 9 үйде дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді. Үйлердің жанында полиция қызметкерлері кезекшілік етеді", - деді аймақ басшысының баспасөз қызметі өкілі.
Облыс әкімі тұрғындардың карантин нормаларын сақтауына бақылауды күшейтуді, атап айтқанда жаппай іс-шаралар мен отбасылық жиындарды болдырмауға тапсырды.
"Карантин шараларының сақталуын қамтамасыз ету тиісті дәрежеде ұйымдастырылмауына байланысты Қарақия ауданының әкіміне сөгіс жарияланды. Сенек ауылының әкімін қызметінен босату мәселесі қарастырылып жатыр", - деп толықтырды әкімдік өкілдері.