Маңғыстауда жаңа сайлау учаскелерінде дауыс беру белгіленген тәртіппен ұйымдастырылып жатыр

Маңғыстау облысында Құрылтай депутаттарын сайлауы қарсаңында сайлаушыларға дауыс беруге қолайлы жағдай жасау мақсатында 7 жаңа сайлау учаскесі ашылып, қажетті жабдықтармен жарақтандырылды. Оның ішінде Жаңаөзен қаласында – 1, Мұнайлы ауданында – 3, Түпқараған ауданында – 3 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр.  

Gov

Астана, NEGE. Жаңа сайлау учаскелерінде дауыс беруді ұйымдастыруға қажетті дайындық жұмыстары жүргізіліп, сайлаушыларды қабылдау, құжаттарын тексеру және дауыс беру тәртібі бойынша комиссия мүшелерінің дайындығы қамтамасыз етілді.

№282 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Балым Усбалиеваның айтуынша, дауыс беру процесін өткізу үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Сайлау қолданыстағы ҚР заңнама талаптары мен белгіленген стандарттарға сәйкес ұйымдастырылып жатыр.

«Басты мақсатымыз – сайлаудың ашық, әділ әрі заң талаптарына сәйкес өтуін қамтамасыз ету. Әр азаматтың өз таңдауын еркін жасауына қажетті жағдай қарастырылған. Дауыс беру барысында сайлаушының құқықтары мен еркін білдіруі – басты қағида», – деді Балым Усбалиева.

Сайлау процесінде азаматтардың дербес деректерін қорғауға да ерекше мән беріліп отыр. Осы мақсатта дауыс беру кезінде сайлаушылар тізімімен бірге арнайы дайындалған трафареттер пайдаланылады. Бұл сайлаушылардың жеке деректерінің құпиялылығын сақтауға мүмкіндік береді.

Gov

Биылдан бастап сайлау заңнамасына енгізілген тағы бір жаңартылған нормаға сәйкес, толтырылған бюллетеньнің фото және (немесе) бейнетүсірілімін жасауға, сондай-ақ оны дауыс беру күні таратуға тыйым салынады. Бұл талап дауыс беру құпиясын сақтауға бағытталған.

Сондай-ақ байқаушыларға қатысты талаптар нақтыланды. Бұған дейін заңнамада байқаушылардың жасы нақты көрсетілмесе, жаңартылған нормаға сәйкес, Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған азаматы ғана байқаушы бола алады.

Жаңа учаскелерде мүгедектігі бар адамдардың да сайлау құқығын кедергісіз жүзеге асыруына жағдай жасалған. Олардың учаскеге қолжетімділігі, дауыс беруі және қажет болған жағдайда тиісті көмек алуы қамтамасыз етіледі.

«Мүгедектігі бар адамдардың да сайлауға қатысып, өз таңдауын еркін жасауға толық құқығы бар. Сондықтан олардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасауға және қолжетімділікті қамтамасыз етуге назар аударылып отыр. Басты мақсат – әр азаматтың сайлау құқығын тең әрі кедергісіз жүзеге асыруына мүмкіндік беру», – деді комиссия төрағасы.

Осылайша, облыста жаңадан ашылған сайлау учаскелерінде дауыс беру процесі белгіленген тәртіппен ұйымдастырылып, сайлау заңнамасының жаңартылған талаптарын сақтау және азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр.