Маңғыстауда заңсыз көші-қон арнасы анықталды: төлқұжаттар, мөрлер мен миллиондаған теңге тәркіленді
Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері заңсыз көші-қон арнасының жолын кесті, деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы, NEGE. 15 мамырда өткен жедел іс-шаралар нәтижесінде үш күдікті ұсталды. Олар шетел азаматтарына тіркеу, уақытша тұру мерзімін ұзарту және ХҚКО арқылы рұқсат рәсімдеу бойынша жалған қызмет көрсетуменайналысқан деген күдікке ілінді.
Тінту барысында тәркіленген заттар:
әртүрлі ЖШС-ге тиесілі 70-тен астам мөр;
75-ке жуық шетелдік төлқұжат;
электронды ақпарат тасығыштар мен техника, банк карталары;
ХҚКО құжаттарының түпнұсқалары;
шамамен 2 млн теңге көлемінде қолма-қол ақша;
екі автокөлік.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 394-бабы (заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.