Маңғыстауда төрт бірдей кадрлық ауыс-түйіс болды

Маңғыстау облысында бірқатар кадрлық өзгеріс болды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары мен орынбасары, сондай-ақ Ақтау және Жаңаөзен қалаларының жаңа әкімдері тағайындалды.

Ербол Ізбергенов/Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Президент Әкімшілігінің келісімімен облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың өкімі бойынша Ербол Ізбергенов Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Ізбергенов бұл қызметті бұған дейін де атқарған. Ол 2024–2025 жылдары облыс әкімінің бірінші орынбасары болды. 2025 жылғы қыркүйектен бері облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді. Бұған дейін Ақтау қаласының әкімі, қала әкімінің орынбасары, облыстық құрылыс басқармасының басшысы болған. Сондай-ақ орталық мемлекеттік органдарда және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында жұмыс істеген.

Бекбол Орынбасаров/Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болып Бекбол Орынбасаров тағайындалды. Ол 2021–2023 жылдары облыс әкімінің орынбасары, кейін бірінші орынбасары қызметін атқарған.

2023–2026 жылдары Орынбасаров Сенат депутаты болып, Қаржы және бюджет жөніндегі тұрақты комитеттің құрамында жұмыс істеді. Әр жылдары Ақтау әкімдігінде, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде, «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында және «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында қызмет атқарған.

Мақсат Мұқаш/Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақтау қаласының әкімі болып Мақсат Мұқаш тағайындалды. Бұған дейін ол Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары болған.

Мұқаш еңбек жолын дене шынықтыру пәнінің мұғалімі және еркін күрес жаттықтырушысы болып бастаған. Кейін Жаңаөзендегі спорт мектептерін басқарды. 2021–2023 жылдары қалалық мәслихат депутаты әрі «Ақ жол» партиясының Жаңаөзен қалалық филиалының жетекшісі болды.

2023 жылы Маңғыстау облысы әкімінің көмекшісі қызметін атқарып, кейін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарды.

Сымбат Төретаев/Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жаңаөзен қаласының әкімі болып Сымбат Төретаев тағайындалды. Ол 2023 жылдан бері Қарақия ауданының әкімі қызметін атқарып келген.

Төретаев еңбек жолын ішкі істер органдарында бастаған. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасында жедел уәкіл болып жұмыс істеген. Кейін Мұнайшы ауылының әкімі, Маңғыстау облысы әкімі аппаратында бөлім басшысы, Қарақия ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.

Барлық тағайындау Президент Әкімшілігінің келісімімен жасалды.