Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметшілер саны 12-ге жетті
Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер саны 12-ге жетті. Тағы екі әскери қызметші әлі табылған жоқ. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімдігі хабарлады.
Астана, NEGE. Нақтыланған мәлімет бойынша, оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен.
Олардың 12-сі қаза тапты, үшеуі құтқарылды. Тағы екі әскери қызметшіні іздеу жалғасып жатыр.
Оқиға орнында премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған Үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр. Ол әлі табылмаған әскери қызметшілерді барлық қажетті күш пен құралды жұмылдырып, тәулік бойы тоқтаусыз іздеуді тапсырды.
Сондай-ақ қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық және өзге де қажетті көмек көрсету тапсырылды.
Қазір уәкілетті органдар оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасуда.