Маңғыстауда кәсіпкер салынып қойған нысан құрылысына 117 млн теңге субсидия алған

Маңғыстау облысында туристік саланы мемлекеттік қолдау бағдарламасы аясында бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша жеке кәсіпкерге үкім шықты.

gov.kz

Астана, NEGE. Облыстық прокуратураның хабарлауынша, тергеу барысында жеке кәсіпкердің Маңғыстаудағы демалыс базасының құрылысына жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу мақсатында 117,2 млн теңге көлемінде мемлекеттік субсидияны заңсыз алғаны анықталған. Бұл ретте бизнес өкілі құны негізсіз ұлғайтылған жалған жобалық-сметалық құжаттама пайдаланған.

«Сонымен қатар нысанның мемлекеттік қолдау шаралары қолданысқа енгізілгенге дейін салынғаны және көрсетілген құрылыс жұмыстарының бір бөлігі іс жүзінде орындалмағаны белгілі болды», – дейді қадағалаушы орган өкілдері.

Бұдан бөлек, кәсіпкер жымқырылған бюджет қаражатын депозитке салып, нәтижесінде 5,6 млн теңге көлемінде қосымша табыс тапқан.

Сотта жеке кәсіпкер аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырғаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енді.