Маңғыстауда алғаш рет күздік бидай егілді

Бүгін, 18 қарашада Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау ауданына жұмыс сапары аясында Шайыр ауылдық округіне қарасты Тасмұрын жеріндегі бидай өсіру жобасының барысымен танысты. Іс-шарада алқапқа алғашқы күздік бидай тұқымы себілді.

gov

Астана, NEGE. Аталған аумақта ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жоба қолға алынған. Жоба аясында «Мақсат» шаруа қожалығына картоп және бидай өсіру мақсатында 2 мың гектар жер учаскесі үш жыл мерзімге жалға берілген.

Қазіргі таңда шаруашылықта күздік бидай егуге бағытталған агротехникалық жұмыстар жүргізілуде. Биылғы егіс науқанында 300 гектар жер өңделген. Жер жырту, топырақты құнарландыру және тұқым себу жұмыстары басталған. Егіс және жинау жұмыстарына қажетті трактор, соқа, тұқым сепкіш және комбайн техникалары бар. Бүгінде шаруашылықта 15 адам еңбек етеді.

gov

Күздік бидайдың әр гектарынан 15-20 центнер өнім алу жоспарланып отыр. Осылайша, 300 гектар алқаптан алынатын жалпы өнім көлемі 450-600 тоннаны құрайды.

Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай егіс алқабындағы жұмыстардың барысын көріп, ауыл шаруашылығы бағытындағы мұндай жобаларды жүйелі жүзеге асыру, жерді тиімді пайдалану және егін шаруашылығын дамытудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, қолға алынған жұмыстың нәтижелі болуы үшін қолдау болатынын жеткізді.