Маңғыстауда алаяқтық дерегі бойынша танымал блогер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды

Маңғыстау облысының полиция қызметі Instagram әлеуметтік желісі арқылы жасалған алаяқтық дерегімен қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Күдіктілердің бірі ретінде танымал блогер Салтанат Аманқосова ұсталды.

Polisia.kz

Астана, NEGE. Іс материалдарына сәйкес, күдіктілердің бірі әлеуметтік желіде Қытайдан премиум санаттағы ыдыс-аяқтар мен тұрмыстық техниканы нарықтық бағадан едәуір төмен бағамен сататыны және жеткізіп беретіні туралы жарнамалар жариялаған. Тауарларды жарнамалау үшін 360 мыңнан астам оқырманы бар танымал Instagram аккаунтының иесі тартылған. 

Жарнама жарияланғаннан кейін бірнеше адам көрсетілген байланыс нөмірлері арқылы хабарласып, тауар сатып алу үшін кәсіпкердің шотына ақша аударған. Алайда кәсіпкер ақысы төленген тауарды жеткізіп бермеген.

Тергеу деректеріне сәйкес, алынған қаражат жеке қажетіне жұмсалған.

Тергеу барысында ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техника үшін ақша аударған жәбірленушілер анықталып, бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабымен (алаяқтық) қылмыстық іс қозғалды.

«Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау, сондай-ақ өзге де ықтимал жәбірленушілерді анықтау бойынша тиісті шаралар жүргізіліп жатыр», – делінген полиция хабарламасында.

Полицейлер әлеуметтік желілер арқылы тауар сатып алу кезінде сатушылар туралы мәліметтерді мұқият тексеруге және күмәнді шоттарға ақша аудармауға кеңес береді.

Еске салсақ, бұған дейін маңғыстаулық блогер Салтанат Аманқосова Астанада Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Төлегенованың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот жүріп жатқан кезде пәтер мен автокөліктер ұтысын жариялап, ел назарына іліккен еді.

Ұтысты «Қазақстандағы ең ауқымды жоба» деп атаған Салтанат Аманқосова оқырмандарын сусабын мен шашқа арналған бальзам сатып алу арқылы пәтер не автокөлік ұтып алатынына сендірген. Сондай-ақ ол ұтысқа гауһар тастан жасалған әшекейлер, соңғы үлгідегі iPhone және ақшалай сыйлықтар тігілгенін хабарлаған.