Маңғыстау облысындағы 2 күнде Respublica-мен кездесуге 5 мыңнан астам адам келді

Маңғыстау облысындағы екі күндік жұмысының нәтижесінде Respublica партиясының мүшелері 5 мыңнан астам адам қатысқан кездесулер өткізді. Бұл ретте 1000 шақты адам партия қатарына өтуге өтініш білдірген.

Алматы, NEGE. Маңғыстау облысындағы сайлауалды турдың екінші күнінде Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров OSS Kazakhstan мұнай кәсіпшілігі кәсіпорны ішінен бастауыш партия ұйымын құру туралы келісімге қол қойды. Бұл партия дамуының маңызды кезеңі болмақ. Жаңадан құрылған БПҰ-ның негізгі міндеті – облыстың білім беру мүмкіндіктерін кеңейту және өндіріспен тығыз байланыста жоғары кәсіби кадрлар даярлау.

Бүгін Ақтауда «OSS Kazakhstan» ЖШС кең ауқымды мұнай кәсіпшілік жабдықтарын шығаратын компания өкілдерімен партия мүшелерінің кездесуі өтті. Компания қазақстандық «Ұлы Дала» холдингі мен сингапурлық OSS Strategic Holdings арасындағы бірлескен кәсіпорын болып табылады. «OSS Kazakhstan» ЖШС қызметі Қазақстанның және ТМД елдерінің мұнай-газ секторындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Жиын нәтижесінде кәсіпорын базасында Respublica бастауыш партия ұйымын құру туралы келісімге қол қойылды. Оның басшысы болып серіктестіктің бас инженері Еркен Оспанов тағайындалды. Бұл - Respublica партиясының тиісті өңірлік бөлімшелерінің құрылымындағы тұңғышы БПҰ. Оның негізгі міндеттерінің қатарында білім беру мүмкіндіктері мен жалпы адами капиталды дамытуға бағытталған партияның бағдарламалық нұсқауларын жүзеге асыру бар. Партия елдегі ғылым мен жоғары білімді дамыту шаруашылық субъектілерінің қатысуымен жүзеге асуы керек, ал кадрларды дайындау нарықта жұмыс істейтін кәсіпорындармен тығыз байланыста жүргізілуі керек деп есептейді. Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров атап өткендей, кәсіпкерлер адами капиталды дамытуға үлкен үлес қосуда.

 «Адами капитал – халық. Адами капиталдың деңгейі төмен болса, кәсіпкерлер зардап шегеді. Халықтың білім деңгейі төмен болғандықтан, кәсіпкерлер кәсіби мамандар тауып, өз ісін тиісті деңгейде дамыта алмайды. Біздің бағалауымызша, еліміздегі кәсіпкерлердің 70%-ға жуығы бұл қиындыққа тап болып отыр. Бүгінгі таңда барлығымыз кәсіпорындар мен оқу орындары арасындағы байланысты нығайтуымыз қажет. Бұл мәселенің шешімі біздің сайлауалды бағдарламамызда көрсетілген», - деді партия лидері.

Сондай-ақ бүгін партиялықтар Мұнайлы ауданындағы «Аманат» тоқыма фабрикасына барып, сайлаушылармен және Alash Lyceum жеке білім беру орталығының ұжымымен бірнеше кездесу өткізді.

 «Мен университетте 10 жылдан бері еңбек етіп келемін. Елімізде 200-ден астам жоғары оқу орны бар. Олардың кейбіреулері ғана жақсы практикалық білім бере алады. Университеттерде теория мен практиканың байланысы жоқ. Біз бұл келеңсіз жағдайды өзгерткіміз келеді, бұл бағыттағы реформалар біздің бағдарламамызда білім беруді өндіріспен тығыз байланыстыру ретінде қарастырылған. Ең алдымен, әр факультет өндірістік компаниялармен тығыз байланыс орнату қажет. Олар оқу бағдарламаларын әзірлеу үшін бірлесіп жұмыс істеуі тиіс. Әр университетте зертханалар ашылып, арнайы кабинеттер ашылғаны абзал. Сонда ғана біз нағыз мықты мамандарды әзірлей аламыз», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Екатерина Смолякова

Respublica-ның Маңғыстау облысына сапары барысында партия мүшелері жергілікті базарларды да аралап, кез келген жағдайда жұмыс істеуден қорықпайтын адамдарға қолдау білдірді. Партияның тең төрағасы Сырымбек Таудың айтуынша, қыстың суығында, жаздың ыстығында отбасын асырау үшін базарда жұмыс істейтіндерді нағыз батыр деп санау керек.

«Осы жердегі әпке-қарындастарымыз, аналарымыз - нағыз батырлар. Себебі сіздер, ешкімге қол жаймай, мүмкіндігінше табысқа ұмтылып жүрсіздер. Сіздер сияқты Қазақстанның әр азаматы еңбек ететін болса, біз жетістікке жетеміз. Ең бастысы, соған ыңғайлы заң керек. Несиелеріміз 40-50 пайызбен емес, кәсіпкерлер үшін ыңғайлы болуы тиіс. Біз сол кәсіптен шыққан адамдар болғандықтан, кәсіпкерлердің жағдайы дұрыс болса екен дейміз, және сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Сол үшін кәсіпкерлер бірігіп, ортақ іс жасау үшін жиналдық. Біз дәл осы тәртіпті өзгертуді көздеп отырмыз»,-деді ол көпшілік алдында сөйлеген сөзінде.

Маңғыстау облысына сапарының екінші күні Respublica партиясы бағдарламасының ауқымды таныстырылымы, флешмоб және гала-концертпен аяқталды. Бұл Respublica өкілдері барған 19-шы өңірі болды. Сондай-ақ осы аптада партиялықтар Ұлытау өңіріне барады.