Маңғыстау облысында жұмыссыздар саны артып барады: сарапшылар не дейді?

Қазақстанда соңғы 15 жылда жұмыссыздық деңгейі 1 пайыздық тармаққа төмендеп, еңбек нарығындағы ахуал біртіндеп жақсарып келе жатқанымен, барлық өңірде бірдей жағдай мәз емес.

primeminister.kz

Астана, NEGE. Energyprom талдауында жұмыссыздық мәселесі, әсіресе, мұнай мен газға бай өңірлердің бірі – Маңғыстау облысында айқын байқалатыны атап өтілген. Бірінші тоқсаннның қорытындысы бойынша өңір жұмыссыздық деңгейі жөнінен антилидер атанып, абсолюттік мәнде жұмыссыздар саны 20 мың адамға жеткен. 

«Жоғары экономикалық әлеуетіне, ірі мұнай-газ жобалары мен қомақты инвестицияларына қарамастан, Маңғыстау облысы көптеген жыл бойы жұмыссыздық деңгейі бойынша елдегі ең күрделі өңірлердің бірі болып қалып отыр. Оның үстіне облыс әйелдер арасындағы жұмыссыздық жөнінен абсолютті антилидер саналады», – дейді сарапшылар.

Мамандар әйелдердің жұмыспен қамтылуын маңызды ерекшелік ретінде атап өтеді. Өңірде ерлер арасындағы жұмыссыздық деңгейі небәрі 2% болса, әйелдер арасында ол 8,4%-ды көрсеткен.

«Бұл – елдегі ең жоғары көрсеткіш және республикалық орташа деңгейден (5%) әлдеқайда жоғары. Ерлер мен әйелдер арасындағы жұмыссыздық айырмасы 6,4 пайыздық тармаққа тең. Мұндай теңгерімсіздік Қазақстанның ешбір өңірінде жоқ», – деп атап өтеді сарапшылар.

Облыстағы 20 мың жұмыссыздың шамамен 6,9 мыңы үй шаруашылығымен айналысатындықтан, жұмыс істемейтінін жеткізсе, тағы 3 мың адам жұмыспен қамтылмауының себебі ретінде отбасылық және жеке жағдайларды атаған.

Ал 2,7 мың адам жұмыс таба алмауды жұмыссыздықтың негізгі себебі ретінде көрсеткен. Тағы 3,6 мың тұрғын штаттың қысқаруы, ұйымдардың жабылуы немесе еңбек шарты мерзімінің аяқталуы салдарынан жұмысынан айырылғанын атап өткен. Ал шамамен 1,2 мың адам оқу орнын тәмамдағаннан кейін жұмысқа орналаса алмаған.

«Мұндай құрылым өңірде тек жұмыс орындарының тапшылығы ғана емес, сонымен бірге халықты, әсіресе әйелдер мен жастарды, экономикалық белсенділікке тартуға кедергі келтіретін елеулі тосқауылдардың бар екенін көрсетеді», – делінген зерттеуде.

Талдаушылар облыстағы жұмыссыздықты бос жұмыс орындарының аздығымен де байланыстырады.

Enbek порталының дерегіне сәйкес, биылғы маусым айында Маңғыстау облысында бар болғаны 658 бос жұмыс орны жарияланған. Бұл ел бойынша барлық ұсыныстың небәрі 1,2%-ына тең. Бұдан аз көрсеткіш тек Қызылорда облысында тіркелген. Ал еңбек нарығындағы жағдайы анағұрлым жақсы өңірлерде бос орындар саны әлдеқайда көп болған: Қарағанды облысында – 2,8 мың, Шығыс Қазақстан облысында – 2,6 мың, Қостанай облысында – 2,2 мың хабарландыру жарияланған.

HeadHunter платформасындағы деректер де осыған ұқсас статистиканы көрсетеді. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Ақтауға елдегі барлық жарияланған вакансиялардың небәрі 1,5%-ы тиесілі болған. Оның үстіне, олардың саны бір жыл ішінде 10,9%-ға азайған. 

Осы тұста сарапшылар жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігіне қатысты сұрақтар туындайтынын атап өтеді.