Маңғыстау облысында шетелдіктер жүздеген литр дизельді заңсыз әкетпек болған

Маңғыстау облысындағы «Тәжен» кеден бекеті арқылы дизель отынын заңсыз әкету әрекеттері тоқтатылды. Негізінен Өзбекстан азаматтары бекет арқылы дизель отынын әкетуге әрекеттенген.

minfin.com

Астана, NEGE. Мемлекеттік кірістер департаментінің хабарлауынша, жүк көліктеріне зауыттық конструкцияда қарастырылмаған қосымша жанармай бактары орнатылған.

Ведомство өкілдері 2026 жылғы 21 мамырдан 21 қарашаға дейін автомобиль көлігімен Қазақстан аумағынан, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге бензин, дизель отыны мен мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге тыйым салынғанын еске салып өтті.

Тыйым салынғанына қарамастан, халықаралық рейстердің жекелеген жүргізушілері оны айналып өтпек болған.

Бейнеу аудандық сотында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 545-бабы бойынша бірқатар әкімшілік істер қаралған. Атап айтқанда, бір жүргізушіден көлемі 180 литр толық толтырылған қосымша бак анықталса, екі жүргізушіден 500 литрден дизель тәркіленген. Сондай-ақ жекелеген жүргізушілерден 120 литр, 95 литр, 70 литр көлемінде жанармай табылған.

«Барлық жағдайда халықаралық жүргізушілер, негізінен "Тәжен" кеден бекеті арқылы дизель отынын әкетуге тырысқан Өзбекстан азаматтары құқық бұзушылар болды», – делінген Департамент хабарламасында.

Сот жүргізушілерді кінәлі деп тауып, отынды мемлекет кірісіне тәркілеп, әрқайсысына 64 875 теңге (15 айлық есептік көрсеткіш) көлемінде айыппұл тағайындады.

Кеденшілер заңсыз әкетілген дизель отынының әрбір литрі ішкі нарыққа қауіп төндіретінін, қосымша жанармай бактары арқылы заңды айналып өту әрекеттері алдағы уақытта да қатаң түрде тоқтатылатынын ескертеді.