11 февраля 2026 г. 11:37

Маңғыстау облысында қызылша жұқтырған балалар саны күрт өскен

Фото: gov.kz

Расталған жағдайлардың 84,5 пайызы, яғни 60 жағдай 14 жасқа дейінгі балаларға тиесілі.

Астана, NEGE. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде қызылша жұқтыруы мүмкін деген күдікпен 174 жағдай тіркеліп, оның 81-і зертханалық түрде расталған. Ауырғандардың 80 пайыздан астамы – 14 жасқа дейінгі балалар, деп жазады Lada.kz.

Осы жылдың басынан бері өңірде эпидемиологиялық ахуал нашарлады. Қызылша күдігімен 131 жағдай тіркелсе, оның 71-і расталған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,6 есе көп.

«Расталған жағдайлардың 84,5 пайызы, яғни 60 жағдай 14 жасқа дейінгі балаларға тиесілі. Ауырғандардың 69 пайызы (49 жағдай) – бес жасқа дейінгі балалар. Науқастардың 70,4 пайызы (50 жағдай) вакцина алмаған. Оның ішінде: 66 пайызы (33 жағдай) – екпеден бас тарту себебінен, 10 пайызы (5 жағдай) – медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты екпе алмаған, ал 24 пайызы (12 жағдай) – вакцина жасына әлі жетпеген балалар. Облыстық орташа көрсеткіштен (8,64) жоғары деңгей Ақтау қаласында – 17,39 (екі есе жоғары) және Түпқараған ауданында – 10,64 (1,2 есе жоғары) тіркелді», – дейді өңірлік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхтар Сербаев.

Оның айтуынша, қызылшадан қорғанудың жалғыз жолы – вакцинация.

Облыста 2026 жылғы 5 қаңтардан бастап эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі балаларға, сондай-ақ 18 жасқа дейінгі балаларға қосымша вакцинация жүргізу басталды.