«Мәні жоқ»: шахматшы Магнус Карлсен Бибісара Асаубаевамен ойнаудан бас тартты

Норвегиялық шахматшы Магнус Карлсен Еуропада өтіп жатқан супертурнирдің алғашқы ойын күнінде қазақстандық Бибісара Асаубаевамен соңғы партияны ойнаудан бас тартты. 

Total Chess

Астана, NEGE. Алғашқы ойын күні норвегиялық гроссмейстер үшін сәтті өткен. Блиц форматында Карлсен үш рет жеңіске жетіп, бір партияны тең аяқтады. Ал рапидте қарсыластарын екі рет ұтқан. Осылайша, шахматшы күн қорытындысы бойынша мерзімінен бұрын көш бастады.

Одан кейін Карлсен жылдам классика форматындағы соңғы партияға қатысудан бас тартты. Нәтижесінде оған техникалық жеңіліс тіркеліп, Бибісара Асаубаеваның есебіне автоматты түрде сегіз ұпай қосылды.

Карлсен шешімін түсіндірді

Норвегиялық шахматшының пікірінше, матч нәтижесі алдын ала белгілі болса, соңғы партияны өткізудің ешқандай мәні жоқ. 

«Ойынға келмегеніңнің жалғыз салдары – мүлдем мағынасыз партияда жеңіліс табуың. Егер бұл әлем чемпионаты болып, нәтиже ұпайларға әсер етсе, онда түсінуге болар еді. Бірақ бұл – шоу, турнир емес. Матч аяқталса, демек, аяқталды», – деді Карлсен норвегиялық TV 2 телеарнасына. 

Карлсеннің айтуынша, қалыптасқан тәртіп бойынша матч аяқталғаннан кейін өткізілетін партиялар рейтингке есептелмеуі керек. Шахматшы егер ұйымдастырушылар турнир рейтингін басқаша есептесе, өз еріктерінде екенін жеткізді.