Мамуновтың соттағы сөзі: Мені үйге жіберіңізші
Ақтөбе облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Мамуновқа қатысты сот процесі Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатыр.
Тақырыпқа орай: «Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мамунов ұсталды»
Естеріңізге салайық, Р.Мамуновтың ұсталғаны жөніндегі ақпаратты ең бірінші болып Nege.kz жазған. Мамунов «маған жала жапты, сотқа беремін» дегенімен, бүгінде өзі айыпталушы ретінде қамауда отыр. Мемлекеттік айыптаушы соттан Мамуновқа 14 жыл жаза кесіп, дүние-мүлкін тәркілеуді сұрады.
Соттағы сөзжарыста прокурор Алмат Семби былай деді:
«1,2 млн долларды бірнеше транш арқылы алған Мамунов «Жоғарғы сот судьяларымен бірге түнімен моншада болдым, үкімді жеңілдетіп берем» деп Ахметжановтарды сендірген. Тіпті видеосын да көрсеткен. Шын мәнінде ол ақшаны жылжитын-жылжымайтын мүлік алуға жұмсаған. 40 млн теңгеден астам қаржыға мемлекеттік номері 001 RUS Lexus 570 көлігін алған».
Мамуновтың адвокаты Марат Әбдірашитов «Қостанай қаласының бұрынғы әкімі А.Ахметжановтың туыстары жала жапты» деп отыр.
«Ахметжановтар жемқорлыққа қарсы қызметке үш жыл бұрынғы нәрсені себеп етіп арыз түсірген. Ақша бергенінің дәлелі жоқ. Не себепті бірден арызданбаған?», – дейді ол.
Адвокаттың айтуына қарағанда, Мамунов «Метрополь» мейрамханасын сатып алуға көмектесу үшін Б.Ахметжановадан 1,2 млн доллар алғаны рас, бірақ ол мүмкін болмағандықтан, ақшаны қайтарып берген. Сондай-ақ тау-кен өндірісі компаниясында Мамуновтың үлесі болған, 2016 жылы үлесін 2,4 млн долларға сатқан. Яғни оның мүлік сатып алатын ақшасы болған.
Соттың ең қызық тұсы Мамуновтың өз сөзі болды. Ахметжановтардан 1,2 млн доллар алғанын мойындағанымен, «ол ақшаның қайдан келгенін тексеру керек» деп есептейтін Мамунов сотқа жалынғандай болды.
«Егер мені ақтап шықсаңыз, қайтадан жұмысқа шығуға тырысам және елге пайдамды тигізем. Бизнеспен 10 жыл айналыстым, ақшаға қыжалат емес едім. Үш ай жұмыс істеп үлгермей осындай жағдайға тап болдым. Мен өзімді кінәсіз санаймын. Мүмкіндік болса, мені үйге жіберіңізші», – деді Р.Мамунов.
Бұған дейін атышулы банкир Жомар Ертаев та сотта соңғы сөзін айтып, судьяға «Ақымақ болдық, кешіріңіздер! Егер бостандыққа жіберсеңіз, қарызымнан құтылам» деген болатын.