МӘМС-тің мәні неде?

Жаңа жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі енгізілді. Алайда, халық арасында  бұл жүйенің қалай жұмыс істейтіні туралы түсініспеушілік көп. Парламенттің әлеуметтік, денсаулық сақтау саласына жауап беретін депутаттары осындай жаңа жүйе туралы кеңінен түсіндірсе дейсің.

Сонымен, МӘМС бойынша кез келген адам барлық кіріс көзінен аударым жасайды. Бұған дейін міндетті аударымның жалпы әрі нақты сомасы бекітілді, ол – 6000 теңгеден аспауы қажет делінді. Бұл қайдан шыққан 6 мың теңге? Медициналық сақтандыру қорына кез келген адам ақша аударуы міндетті ме? Халық тарапынан туындаған сандаған сауалға жауап іздеп көрдік. 

Медициналық сақтандыру қорына кез келген Қазақстан азаматының жарна құюы міндетті. Яғни, жұмыс беруші қызметкер жалақысының 1 пайызын бөледі. Егер жұмыс беруші ай сайын жарна аударып отырса, жеке емханалар да тегін қызмет көрсетеді. Ал бірнеше жерде жұмыс істейтін азаматтың жарнасы айына 6 мың теңгеден аспауы тиіс.  6 мың теңге – жарнаның ең жоғары көлемі. Егер жарна төлемесе, ол азаматқа тек шұғыл көмек көрсетіледі. Бірақ жоспарлы түрде тегін медициналық көмекке жүгіне алмайды. Әрі қарай ақылы емделеді. 

«Егер кәсіпкер 600 мың теңге жалақы алса, ол тек 425 мың теңгесіне 6 мың теңге жарна төлейді. Ал 100 мың теңге жалақы алатын адам 1 мың теңге ғана төлейді. Жұмыс істемейтін қалалықтар Қазпошта, банк терминалдары арқылы бірыңғай жиынтық төлем бойынша жарна құя алады» деп түсіндірді МӘМС-тің Call орталық маманы. 

Біз мұны «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалының баспасөз хатшысы Шынар Әлжановаға хабарласып, нақтыладық. Оның айтуынша, 10 төменгі жалақыдан жоғары табысқа салық салынбайды. «Егер кәсіпкер 600 мың теңге айлық алса, 425 мың теңге, яғни, ¼-ін төлейді. Ал жұмыссыздар Жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, оқып, мамандық алуына болады. Өз күнін өзі көріп жүргендер бірыңғай жиынтық төлем бойынша төлейді. Бірақ ешкім медициналық көмектен қағылмайды. Мәселен, АҚШ-та шамамен 40 млн адам медициналық тұрғыда сақтандырылмаған. Олар тіпті, шұғыл көмек те ала алмайды. Бізде шұғыл көмек көрсетіледі» дегенді айтты. 

Биыл Алматы қаласы бойынша тұрғындарға 269 медициналық ұйым қызмет көрсетеді. Оның 131-і тегін пакет, ал 138-і МӘМС бойынша. Яғни, биылдан бастап бұрын ақша төлеп, тексерілетін КТ және МРТ, лабортаориялық зерттеулер, сондай-ақ дәрілердің кеңейтілген тізбесін тегін алады. Егер сақтандырылған статусы болса, ол барлық медициналық қызметтерге қол жеткізе алады деген сөз. 

Бұған дейін республикада жұмыссыздар саны 1 миллион айналасында болса, 2019 жылдың желтоқсанындағы мәлімет бойынша 468 мыңға түскен. Ал Алматы қаласында 48 мың жұмыссыз тіркелген. Енді олар да МӘМС-ке екі жолмен жарна құюына болады. Айталық, олар жалақы көлемінің 5 пайызын төлейді. Бұл – 2125 теңге. Немесе бірыңғай жиынтық төлеммен ақша аудара алады. Бұл – қала тұрғындары үшін 2651 теңге (айлық есептік көрсеткіш), ауылдықтар үшін – 1326 теңге. Бүгінгі таңда Алматы бойынша бірыңғай жиынтық төлем бойынша 5851 өзін-өзі жұмыспен қамтушы 20,6 млн теңге төлеген.   

Сақтандыру ақшасына медициналық көмекті жеке клиникаларда да алуға болады. Бұл үшін қазақстандықтар халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгініп, қалаған емханаға таңдау жасай алады. Немесе тіптен үйден шықпай-ақ, e-gov порталы арқылы өтінім қалдыруына болады.

«Қандай жеке клиникалар сақтандыру жүйесіне кіретінін қордың fms.kz сайтындағы «клиника таңдау» бөлімінен көре аласыз. Қор үшін меншік нысаны маңызды емес. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының төрағасы Айбатыр Жұмағұловтың пікірінше, бәсекелестік сапаның жақсаруына әсер етеді. 

Динара Мыңжасар 

Қазір оқып жатыр

Депутат: Санжар Боқаевқа тағылған айып бойынша бас бостандығынан айыру жазасы көзделген

Ақтөбе облысында төбелес кезінде 17 жастағы жігіт пышақ жарақатынан қаза тапты

«ЦОН-дардағы» парақорлықты мемлекеттік корпорацияның өзі анықтаған

Алатау офшорлық аймақ болмайды – Бозымбаев