20 декабря 2025 г. 14:06

МӘМС: жұмыссыз қазақстандықтар бюджет есебінен емделеді

Фото: freepik.com

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыссыз азаматтар мен табысы төмен қазақстандықтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде жергілікті бюджет есебінен медициналық көмек ала алады.

Астана, NEGE. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл шара халықтың әлеуметтік осал топтарын МӘМС-пен қамтуды кеңейтуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда жүйеде шамамен 16,8 млн адам сақтандырылған. Олардың 12,3 миллионы жеңілдігі бар санаттарға жатады. Ал МӘМС жүйесінен тыс қалған қазақстандықтардың саны – шамамен 3,6 млн адам. Олардың басым бөлігі – 2,5 млн адам – тұрмысы жақсы немесе қанағаттанарлық азаматтар. Ал тағы 1,1 млн адам әлеуметтік әл-ауқаты төмен, олар жұмыс істемейді, үш айдан астам уақыт бойы міндетті зейнетақы жарналарын төлемеген және отбасының негізгі қажеттіліктерін әрең қамтамасыз етіп отыр.

Қабылданған заңға сәйкес, бұл санаттағы азаматтар үшін МӘМС жарналарын жергілікті атқарушы органдар төлейтін болады. Алайда қаражат алдын ала емес, азаматтың медициналық көмекке нақты жүгінген сәтінде аударылады.

Денсаулық сақтау министрлігінде МӘМС қызметтері дәл қажет болған кезде қолжетімді болатынын атап өтті.

Ведомство мәліметінше, осы шаралардың арқасында 2026 жылы МӘМС жүйесімен қосымша шамамен 1 млн адам қамтылмақ.