МӘМС қаржысын жымқыру бойынша 14 сотқа дейінгі тергеу басталған
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Астана, NEGE. ҚМА басшысы Президентке МӘМС, құрылыс және басқа салаларда мемлекет қаржысын жымқыру фактілері бойынша анықталған жағдайлар жөнінде есеп берді.
Оның мәлімдеуінше, мониторинг кезінде мал шаруашылығы саласына бөлінген 30 миллиард теңге субсидияның тиімсіз пайдаланылғаны анықталған. Сондай-ақ ғылыми зерттеулер мен ғылыми-техникалық нәтижелерді коммерцияландыруға бағытталған 10 миллиард теңгеден астам қаржыны мақсатсыз жұмсау белгілері ашылған.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатын жымқыру фактілері бойынша 14 сотқа дейінгі тергеу басталған, ал құрылыс саласында 5,3 миллиард теңгені заңсыз иемденбек болған тұлғаларға қатысты 21 қылмыстық іс қозғалды», – делінген хабарламада.
Бұған қоса Элиманов 17 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылғаны және банктер мен байланыс операторларының атын жамылып, фишингтік SMS-хабарламалар таратқан топ әшкереленгенін баяндады. Оның мәлімдеуінше, жалпы аудиториясы 25 мыңнан асатын 3,7 мың алаяқтық сайт және 22 топтық чат жабылған.
Құрылыс саласында 400-ден астам жалған компанияның заңсыз лицензия алуына жол берілмеген.
Бұдан бөлек, қылмыстық табыстарды жылыстатуға қарсы күрес саласында заңсыз схемаларда қолданылған дроп-карталарға қатысты 14 сотқа дейінгі тергеу басталған. Олардың есепшотындағы қаржының жалпы айналымы 13 миллиард теңгеден асқан. «Көлеңкедегі» тұлғаларға рәсімделген 68 мыңнан астам карта бұғатталған. Жалған компаниялар мен құжаттарды пайдалану фактілері бойынша 23 іс тіркелген, келтірілген залал – шамамен 13 миллиард теңге.
Қаржылық пирамидалар, онлайн-казино және алаяқтықтан түскен табысты жылыстатумен айналысқан 3 жасырын криптоайырбастау қызметі тоқтатылған. Криптовалюта айырбастауға қатысты заңсыз онлайн сервистерге кіруге арналған 483 сілтеме жойылған.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Элимановқа агенттіктің негізгі бағыттары бойынша бірқатар тапсырма берді.