10 февраля 2020 г. 19:07

Мамин Мырзахметовтің «сыбағасын беруге» бара жатыр...

Фото:

Жамбыл облысының Қордай ауданындағы ауылдарда қазақтар мен дүнгендер арасында болған қақтығыс түрлі ойға жетеледі. Бұл – бір күнде, бір айда немесе бір жылда тұтанған өрт емес, талайдан бері келе жатқан дерт. Ал енді осы дерттің асқынып бара жатқанын облыс әкімі Асқар Мырзахметов неге байқамады?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметов пен Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевқа бірқатар шенділерді жұмыстан босатуды тапсырды. Облыс әкімінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасары Сұлушаш Құрманбекова және Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөле қызметінен кететін болды. Жамбыл облыстық Полиция департаментінің бастығы Арман Оразалин мен Қордай аудандық полиция басқармасының басшысы Азамат Айқымбеков те басқа жұмыс іздей берсе болады.

Кейбір дерек көздерінен жеткен ақпаратқа қарағанда, бүгін-ертең Таразға Премьер-министр Асқар Мамин барады. Білуімізше, Мамин «сыбаға жеуге емес», облыс әкімінің сыбағасын беруге баратын сияқты. Яғни Асқар Мырзахметовті қызметінен босатуы мүмкін. Ал енді Мырзахметов кеткен жағдайда орнына кім келеді? Ақпарат көзінің хабарлауынша, «боразда бұзбайтындар» сапынан Қырымбек Көшербаев, Ахметжан Есімов немесе Бердібек Сапарбаев келіп қалуы ғажап емес. Ақорда мен «Кітапхана» осы үштіктің ішінен Сапарбаевты дұрыс көріп отыр деседі. Біріншіден – тәжірибесі мол, екіншіден – әлеуметтік түйткілдері қалай шешудің жолын біледі, үшіншіден – Қордайдағы жағдайға байланысты құрылған үкіметтік комиссияны басқарады.

2018 жылдың басында Асқар Мырзахметов Әулиеатаға әкімі болып тағайындалғанда келе сала аудан-ауылдарды аралап, әкімдердің есебін тыңдап, жұмысты өте белсенді бастаған. «Жаңа әкімнің қарқыны қатты, қызметтен кетіп қалар ма екем!» деп, жергілікті шенділер Мырзахметовтің қас-қабағына жаутаңдады. Сөйткен «қабағы қату» әкімнің кадр саясатына салақ қарағанын жамбылдың жұрты әлі айтады.

Мырзахметовтің «тәубесіне түскені» бертінде ғана. Қазіргі бес орынбасарының төртеуі – Жамбыл облысының тумалары. Мырзахметов әрдайым жанынан тастамайтын бір кадры – өзінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев. Дауылбаев несімен жаққанын кім білсін, жанынан тастамайды, әйтеуір.

Жуырда Жамбыл облысында «мақтаулы Мырзахметовті» ұятты қылған дау болды. Меркі ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Сүлейменов аудан әкімі лауазымын 50 мың долларға сатып алмақшы болғанын телефонмен әлдекімге айтқан. Бұл жазба Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қолына тиіпті. Абыройсыз қалған шенеуніктің Әдеп жөніндегі кеңесте ақталып айтқан сөзіне қараңыз: «Енді телефонмен кім не айтпайды? Сондай әңгіме болған шығар. Иә, Алматыға ауысамын деген жоспар болған. Бірақ ол жерде жолдастармен салмақты әңгіме болған емес. Ойнап, достармен бір жерде айтқан шығармын».

Әдеп жөніндегі кеңес Сүлейменовтің лауазымын төмендетуді ұсынғанымен, облыс әкімі Мырзахметов оны жұмыстан босатып құтылды.

Шендінің «ойнап айттым» дегені 50 мың доллар екен, шын айтқаны 200 мың доллар болуы мүмкін. Өйткені сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкері аудан әкімінің креслосына қатысты 200 мың доллар туралы сөз болғанын айтты. Осы тұста сыбайлас жемқорлықпен күресушілер асығыстық жасаған сияқты. Егер бұл істі аяғына дейін айналдырғанда, әлгі 50 мың немесе 200 мың доллардың «иесі» табылып қалуы да мүмкін еді...

Жалпы, Жамбыл облысында соңғы кездері түрлі жағдайлар жиі болып жатыр. Бүлдіршін қыздың зорланғанын қайталап айтып, елдің жүрегін ауырпай-ақ қояйық, бұдан басқа да заңсыздықтар жетіп артылады. Өңірде қылмыс көбейіп барады. Қылмыс көбеюінің бірден-бір себебі – әлеуметтік жағдайдың төмендеуі.

Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында «Жусандала» мемлекеттік табиғи қорығы бар. Аты айтып тұрғандай, бұл қорық мемлекеттің ерекше қорғауында. «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Меркі – Буырылбайтал және Күрті – Буырылбайтал жолының учаскесі осы табиғи қорықтың аумағынан өтеді. 2019 жылдың 14 мамырында ҚР Үкіметінің қаулысымен «Жусандала» табиғи қорығының аумағы 491,32 гектарға кішірейтілді. Ондағы мақсат – мемлекеттік маңызы бар тас жолдарды кедергісіз салу. Үкімет қаулысында бұдан әрі былай дейді: «Инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Мерке – Бурылбайтал» және «Күрті – Бурылбайтал» жол учаскелерін реконструкциялау үшін осы қаулының 1-тармағында көрсетілген жер учаскелері аумағының кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру үшін берілуін;

Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруді жүзеге асыратын заңды тұлғалармен (келісу бойынша) бірлесіп, осы тармақтың 1- тармақшасына сәйкес жұмыстар жүргізу кезінде арнайы экологиялық талаптардың сақталуын;

Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру жұмыстары аяқталғаннан кейін бүлінген жер учаскелеріне рекультивация жүргізе отырып, жер учаскелерінің қорық аймағының құрамына қайтарылуын қамтамасыз етсін».

«Время» газетінің жазуына қарағанда, «Жусандала» табиғи қорығының аумағынан өтетін Күрті – Буырылбайтал жол учаскесін салып жатқан «Сине Мидас Строй» деп аталатын компания рұқсаты жоқ болса да, табиғи парк аумағын оңды-солды айғыздап қазып жатыр. Ол жерден қазылып әкеткен жер қыртысы 1 млн текше метрге жетіп, табиғатқа келтірілген шығын 3,2 миллиард теңгеден асыпты. Бұл жағдайдан Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев хабардар. Өйткені істі мұқият бақылауды Жамбыл облыстық ПД басшысы Арман Оразалинге тапсырған. Оразалин кетсе, басқаға тапсырар. Ал енді иегінің астында болып жатқан осындай заңсыздықтарды облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің білмеуі мүмкін бе? Естімеді-білмеді десек те, өзі таңдаған кадрлары не қарап отыр?

Қордайда болған оқиға облыс әкімі А.Мырзахметовтің неден жаңылғанын көрсетті. Ол ең алдымен кадр мәселесі. Премьер-министр Асқар Мамин аттасын орнынан алу үшін Таразға барса, жұртқа оның себебін түсіндіріп әуре болмай-ақ қойса да болатындай...

Тегтер: