Мамин ескерту жасады
Әкімдер бағаның өсу мәселесін ерекше бақылауда ұстауы тиіс. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты.
Алматы, NEGE. «Былтыр қараша айында бағаларды тұрақтандыру жұмысында жіберген кемшіліктері үшін өңір әкімдерінің біраз орынбасары жауапқа тартылған болатын. Қабылданған шаралардың нәтижесінде желтоқсан айында әкімдіктер бағаны ұстап тұру бойынша жақсы өзерістерге қол жеткізді. Мысалы былтырғы қарашада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 1,1 пайызға өссе, желтоқсанда бұл өсім бар болғаны 0,1 пайызды көрсетті», – деді Премьер-Министр.
Оның атап өтуінше, мұның өзі осы бағыттағы жұмысты жалғастыру үшін өңірлерде қажетті қордың бар екенін көрсетеді.
«Дегенмен, қаңтардың соңында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы 0,3 пайызға өскенін көріп отырмыз. Әкімдер бағаның өсу мәселесін ерекше бақылауда ұстап, ол өзгерген жағдайда жедел шараларды қабылдауы тиіс екенін ескертемін», – деді Асқар Мамин.