Мамандар Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын кешенді тексеруге кірісті
Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты мамандары Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын (ҮАААЖ) кешенді тексеру жұмыстарын бастады.
Астана, NEGE. Көлік министрлігінің хабарлауынша, кешенді диагностикалау барысында жол жамылғысының жай-күйі тексеріледі. Сондай-ақ ақаулар анықталып, жол бойындағы көпірлер, жол өткелдері және басқа да жасанды құрылыстардың техникалық жағдайына тексеру жүргізіледі.
Кешенді диагностика нәтижелері бойынша ҚазжолҒЗИ мамандары ҮАААЖ-ды алдағы уақытта күтіп-ұстау, жөндеу және дамыту жөнінде ғылыми негізделген ұсыныстар әзірлейтін болады.
Ведомство өкілдерінің мәлімдеуінше, алынған нәтижелер автомобиль жолының ұзақ мерзімді пайдалану сенімділігін арттыруға, күтіп-ұстау тәсілдерін жетілдіруге, жол төсемесінің қалдық ресурсын бағалауға, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұған қоса бұл жұмыстар жол инфрақұрылымын мониторингтеу, диагностикалау және цифрлық басқарудың заманауи әдістерін енгізуге негіз болмақ.